Конкур – ол жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі

0
12

Астана қаласының «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені базасында 30 мамыр мен 1 маусым аралығында ауқымды халықаралық жарыстар – конкурдан Еуразиялық Лиганың Әлем Кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарысқа алыс және жақын шетелден алты елдің мықты құрама командалары қатысады деп күтіліп отыр. Іс-шара халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен өтеді.

Үш күн ішінде 60-тан аса үздік спортшы әр түрлі кедергілерден тұратын маршруттар мен атпен жүруден өз шеберліктерін көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Конкур – ол жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру.

Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды.

Астанада Әлем Кубогының кезеңін Қазақстанда өткізу ат спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – тек ел үшін ғана емес, барлық ат спорты жанкүйерлері үшін маңызды спорттық іс-шара болмақ.

Ауқымды деңгейдегі жарыстар қазақстандық спортшыларға өз шеберліктерін арттырып, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндігін береді.

Еуразиялық Әлем Кубогы кезеңдері лигасының «Grand Prix» бас маршрутының қорытындысы бойынша 2025 жылғы конкур бойынша Әлем Кубогының финалына лицензия ойналады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ