Коронавирусқа қарсы вакцина жайлы бірер сөз

Әлем бойынша коронавирус қайта бас көтерді. Оның салқыны біздің елге де тиіп жатыр. Қараша халық көптен бері еш шектеусіз қалыпты өмірге үйреніп қалған-ды. Өкінішке орай кейінгі күндері елімізде инфекция жұқтырғандар саны арта бастады. Мысалы, бір аптада Қазақстанда 1744 адамнан коронавирус анықталған. Қала берді Алматы «сары» аймаққа өтті. Бұл коронавирустан сақтану амалдары мен вакцина туралы білімімізді қайта жетілдіру керек деген сөз.
0
186

2020 жылдан бастап дүниежүзі бойынша коронавирусқа қарсы 200-ден астам вакцина жасалды. Бүгінге дейін екпенің кейбірі клиникалық кезеңнің бірнешеуінен сәтті өтсе, енді біреулері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақұлдауын алып үлгерді. ДДҰ-ның мәлімдеуінше, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның көп болғаны маңызды. Себебі эффектісі жоғары әрі ең қауіпсізі халық арасында жаппай қолданысқа еніп, пандемияны тоқтатуға көмектеседі.

Қазақстанда қазір COVID-19-ға қарсы Спутник V, Спутник Лайт, Sinovac-CoronaVac, Sinopharm, QazVac, және Pfizer вакциналары пайдаланылады. Бұл вакциналар COVID-19-дан қорғағанымен, олар бір-бірінен ерекшеленеді.

Спутник V – ресейлік векторлық вакцина. Оны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институты әзірледі. Бүгінде бұл екпе 71 елде мақұлданған. Бір қызығы, ғалымдар вакцинаның атауын алғашқы кеңестік ғарыш спутнигімен байланыстыруды жөн көріпті. Олардың айтуына қарағанда, 1957 жылы кеңестік «Спутник-1» жер орбитасына шығып, адамзаттың жаңа ғарыш дәуірін ашса, «Спутник V» «коронавируссыз» жаңа дәуірді қалыптастырады. Оған қоса атаудағы «V» – рим цифры емес, «ви» дыбысы. Бұл Victory (виктори) «жеңіс» және Vaccine «вакцина» деген мағынаны арқалайды екен. Спутник V вакцинасының екі дозасын 21-28 күн аралығында алу қажет. Бір қызығы Спутник V-дің екі дозасы екі түрлі вакцина сияқты жасалған, яғни оның екі компонентіндегі вектор әртүрлі.         Pfizer/BioNTech – BioNTech неміс компаниясының америкалық Pfizer және қытайлық Fosun Pharma компаниясымен бірлесіп жасаған коронавирусқа қарсы вакцинасы. Оған қоса, бұл екпе түрін Comirnaty деп те атайды. Бүгінде Pfizer вакцинасын 159 мемлекет қолданады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған ең алғашқы вакцина болып саналады. Иммундау бойынша сарапшылардың стратегиялық консультативтік тобы «Pfizer – ең қауіпсіз әрі тиімді вакцина» деп баға берді. Бұл вакцинаны бұлшықет ішіне енгізеді. Вакцинация вирустың жаппай тарауының алдын алады. Роберт Кох институты вакцинаның екі дозасын алғандар вакцинацияланбаған адамдарға қарағанда коронавирусты жұқтыруы және оны басқаларға тасылмалдау мүмкіндігі аз екенін дәлелдеген.

Коронавирусқа қатысты пандемияның бірінші толқынында вирусты көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдар жұқтырды, кей науқас одан қайтыс болды. Алайда инфекцияның жаңа штамдары пайда болғаннан кейін балалар мен жасөспірімдер арасында да коронавирус ауруы жиі тіркеле бастады. Сол себепті дәрігерлер мен ғалымдар балалар үшін де жарамды вакцина ойлап табу керек екенін түсінді. Ал Pfizer – дәл осы критерийге сай екпе. ДДҰ-ның мәліметінше, Pfizer вакцинасын 5 жастан асқан кез келген адам салдыра алады. Бұған қоса, Pfizer вакцинасын жүкті әйелдер және емізулі баласы бар аналар да салдыруына болады.

Sinovac-CoronaVac – Қытайдың Sinovac биофармацевтика компаниясы әзірлеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина. ДДҰ бұл екпені 2021 жылғы 1 маусымда мойындады. Оның екі дозасы бар. Аралығы екі-төрт апта болуы қажет. Екі вакцинаны да 18 жастан асқан кез келген адам салғызуына болады. Дегенмен ДДҰ әлі күнге дейін CoronaVac және Sinopharm вакциналарын жүкті әйелдерге салуға қатысты кесіп шешім айта алмады. Олар екпе пайдасы ықтимал қауіптен асып түскен жағдайда бұл вакцина түрлерін егуді ұсынады. Ал лактация кезіндегі, яғни бала емізетін аналарға вакцинаның зияны жоқ, тіпті вакцинаны алғаннан кейін де баланы емізуіне болады.

QazVac – қазақстандық инактив вакцина. Оны білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасаған. Қазір бұл вакцина Қазақстанда сәтті қолданылып келеді. QazCovid-in 2021 жылы Қырғызстанда да ресми тіркелді. Эффективтілігі – 82%. Бірақ ДДҰ оны мақұлдамаған. Профессор Павел Дерябиннің сөзінше, QazVac – Қазақстанның үлкен жетістігі. Қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы вакцинаны инактивті тип бойынша әзірлепті. Меніңше, бұл дұрыс шешім, себебі бұл бұрыннан қолданылып келе жатқан классикалық тәжірибе, – дейді медицина ғылымдарының докторы.

Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша коронавирус ахуалы мәз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кем дегенде 70 % коронавирусқа қарсы екпе салдыруы керек екенін және санитария шектеулерін қайта енгізуге дайын болуға үндеді. Тиісінше ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинацияға жүгінгеніміз жөн.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ