«Балалар жылының» берері мол

Әр бала өз ата-анасының мотиваторы. Иә, олардың әлемі өзгеше әрі тым нәзік. Бала әділетсіздікке қарсы тұра алмайды. Тіпті өзінің төл мүддесін де қорғауға жоқ. Сол себепті дамыған елдерде балалардың құқығын қорғауды, қала берді әл-ауқатын жақсартуды жоғары міндет қойып, соның жолында барын салады. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылдық құттықтауда осы жылға «Балалар жылы» деп айдар тақты. Мақсат – түрлі көңіл көтеретін мерекелік шаралар ұйымдастыру емес, тиісінше балаларды қорғау мақсатында денсаулығы мен білімін арттырып, әлеуметтік қолдау таныт
0
1175

Жылды жүйелейтін он бастама

Олай болса «Балалар жылында» жылды жүйелейтін он бастамаға аялдап өтсек. Білім және ғылым министрлігі әзірлеген «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасында» айтылғандай, биыл жас ұрпаққа бірнеше жыл бойы қызмет ететін жобалар да қарастырылған екен.

Біріншіден, перспективті ауылдарда, ауылдық аудан орталықтарында, қалаларда 908 инновациялық даму орталығын салу мәселесі пысықталады. Нақты шешім қарашаға дейін қабылдануы тиіс.

Екіншіден, ауылдық аудан орталықтарында және қалаларда аз қамтылған отбасылардың балалары үшін бұрынғы кеңестен қалған интернаттар орнына, жаңа форматтағы 300 мектеп-пансионат салу жобалары әзірленбек. «Қазақстан халқына» қорынан арнайы мектептерді және мектеп-интернаттарды жарақтандыруға 7 млрд теңге бағытталады.

Үшіншіден, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу кезеңін қазіргі 1 жылдан – 1,5 жасқа дейін, оның мөлшерін 1,5 есе арттыру жоспарланған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 214 млрд 745,2 млн теңге бөлінетін көрінеді. Ел Үкіметі биылғы жыл бюджетін қайта қарайтын болады.

Төртіншіден, әр өңірдің өз «Аружан Саины» пайда болмақ: бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымын енгізу көзделіп отыр. Оларға жалақы төленбейді, 14 облыс пен 3 мегаполистің балалар омбудсмені қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олар облыс (республикалық қала) әкімінің кеңесшісі және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары функцияларын атқарады.

Бесіншіден, қыркүйекке дейін мектеп асханалары бейнебақылау камераларымен жарақтандырылуы тиіс, оқушыларға асханада қолма-қол ақшасыз, картамен есептесу мүмкіндігі кезең-кезеңмен енгізіледі.

Алтыншы, балаларға емханаларда барлық ауру, соның ішінде орфанды-сирек дерттер бойынша берілетін дәрілер мен медбұйымдар тізімін кеңейту үшін 16,4 млрд теңге көзделеді. Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті бұйрықты қабылдау жүктеледі.

Жетінші, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірыңғай цифрлық құжатты енгізу ұсынылған: ол негізгі және ілеспе реабилитациялық қызметтерді кешенді көрсетуге арналған электронды сертификат түрінде болмақ. Осы арқылы ата-анасы, қамқоршылары және дәрігерлер балаға қандай әлеуметтік қолдау шараларына құқық берілгенін біледі.

Сегізінші, бас тартылған тастанды балалар үшін жеке жәрдемақы түрін енгізу мәселесі пысықталады.

Тоғызыншы, оқушылардың дербес білім, шығармашылық және спорттық жетістіктерін паш етудің жаңа технологиясы – «Оқушының электронды портфолиосы», «Мектеп түлегінің портфолиосы» жобасы енгізіледі. Ол «Ұлттық білім беру деректер қорында» жүзеге асырылады, «Білім» модулі құрылады. Оған 250 миллион теңге бөлінбек.

Оныншы, бұл жылдан, әрине балалар студиялары ұтады. Мысалы, Balapan телеарнасында мультимедиялық және танымдық контент үлесін арттыру үшін бюджеттен 1 миллиард теңге бөлу ұсынылған. Бөлек қаржыға арнайы медиаөнімдер – телебағдарламалар, сериалдар, деректі фильмдер, вирусты роликтер, көркем мотиваторлар, гиф-суреттер жасалып, әлеуметтік желіде, мессенджерлерде таратылады.

Балалар құқығына басымдық берілмек

Бала қамсыз өсу үшін оның құқығын қажетті түрде қорғау міндет. Осы жылы балалардың денсаулығын нығайту, қорғау, мүгедек балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жылдағыдан ерекше көңіл бөлінбек. Сондай-ақ жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелері, балалар үшін инфрақұрылым құру және балалар индустриясын дамыту мәселелері қамту көзделіп отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай Президент Үкіметке жылды ұрандатып, думандатып өткізудің қажеті жоғын ескерте отырып, оны балалардың ден­саулығын сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында нақты шаралармен толықтыруды тапсырды.

Маусымда «Жас құтқарушы» республикалық слетін өткізу бюджетке – 10,7 млн теңгеге, медиа және ақпараттық сауаттылық бойынша 5-11 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» курсын әзірлеу – 15,9 млн, қарашада «Жылдың балалар омбудсмені» республикалық фестивалін өткізу – 20 млн, мектеп парламенттері көшбасшыларының республикалық слеті – 20 млн, қазанда оқушылар арасында «Сөз мерген» республикалық дебат турнирі – 46,3 млн, желтоқсанда «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!» атты балалардың әлеу­меттік бастамалары мен стартаптарының республикалық фестивалі – 53 млн, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны 158,9 млн теңгеге түспек.

Екінші жартыжылдықта жас блогерлер мен журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, волонтерлер, жол қозғалысы инспекторлары арасында өңірлік конкурстар өткізіледі. Astana Piano Passion республикалық жас пианистер конкурсына – 124,9 млн, «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауына – 309,4 млн, «Мен спортты таңдаймын» спорттық-бұқаралық іс-шараларына 313,8 млн теңге бағытталмақ.

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ендеше, «Балалар жылында» мерекелік іс-шаралар, слет-фестивальдер өткізу емес, оларды әлеуметтік, құқықтық қорғаудың көпдеңгейлі, әр қырлы, жан-жақты, пәрменді жүйесін түзу әлдеқайда маңызды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ