Креативті экономика: Өнерді өрге жүздіру

0
169

Алдағы екі жылда креативті индустрияның экономикаға қосатын үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін Мәдениет және спорт министрлігі биыл өңірлердің творчестволық ахуалын айқындау мақсатында арнайы зерттеу жүргізбекші.

Бұған қоса шығармашылық индустрияны қолдау қоры құрылмақ. Ал шығармашылық өнімнен пайда табуға тікелей үлес қосатын буынның негізгі драйвері жастар екені белгілі. Ал шығармашыл жастар бұл бағытта қаншалықты жемісті еңбек етіп жүр?

Технология дамыған заманында экономиканың басты даму көзі – азаматтардың ой-қиялы, білімі мен интеллекті нәтижесінде жұртшылыққа ұсынылған өнім немесе контент. Өйткені шығармашылық сектор – сарқылмайтын ресурс. Сондықтан қазір әлемде, мемлекеттік саясатта «ең тиімді инвестиция – адам капиталына салынған инвестиция» деген ұстаным қалыптасты. Байқағанымыздай азуын айға білеген мемлекеттер шикізат сатудан гөрі, азаматтарының «ақылын» сатудан жақсы пайда көреді. Әлемдік статистикалық деректі бағдарласақ, бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар көлемінде табыс әкеледі. Халықаралық сарапшылардың есебінше, дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі креативті индустрияның үлесі 3 пайыздың мөлшерінде. Тізбектеп көрсек: Аустралияда креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 5,7, Ұлыбританияда – 5,5, АҚШ пен Қытайда – 4,2, Италияда – 3,8, Германияда – 3,1 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда креативті кеңістік әлі жүйеленіп біткен жоқ.

– Елімізде креативті контент жасаймын деген азаматтар аз емес. Музыка, IT, кино, анимация, жаңа медиа және басқа да креативті индустрия өнімдері жылдан-жыл­ға артып келеді. Алайда біз өнді­ретін және тұтынатын контент көлемін бір-бірімен салыс­тырмайды. Елімізде тұты­натын контенттің 1% өзіміз жа­сай­мыз дегенді айта алмаймын. Бұл салада біраз жүйелі мә­се­ле бар. Мұның барлығы креа­тивті индустрияларды дамыту тұжырымдамасында анық жазылған. Меніңше, креа­тивті экономиканың дамуында дәл қазіргі ең басты кедергісі ол мем­лекеттік органдар деп айтсақ болады. Өкінішке қарай, бізде ұлттық экономикаға әлеуеті бар жаңа саланы дамытудан гөрі, қатып қалған ескі сая­сатын жалғастырып жатыр. Мәселен, мәдениет саласында біз жылына миллиардтарды босқа шашамыз. Қаншама халық көрмейтін фильмдер, бармайтын концерттер, пайдасы жоқ, мағынасыз зиялы қауым өкіл­де­рінің іс-шаралары бюджет есе­бі­нен қаржыландырылады. Біз кеңес кезінен бері мәдениетті қолдау керек деп әлеуметтік сала ретінде қараймыз. Бірақ қазір мәдениет әлеуметтік сала ғана емес, бұл экономикаға да, сыртқы саясатқа да өз әсерін тигізе алатын өте маңызды бағыт. Осының бәрін ескере келе, біз мәдениетті басқарудағы жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуіміз қажет. Сонда ғана креа­тивті экономикада да даму болады, – деді Креативті индустрия­ны дамыту бойынша жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин.

Жалпы жоспар негізінде Мә­дениет және спорт министрлігі биыл креативті экономикадағы ішкі жалпы өнімді 3,6%-ға жет­кізуді көздеп отыр.

Бұған қоса елімізде креативті индустрияның нақты бағыттары мен салалары бекітіліп жатқан көрінеді. Ұлттық экономика ми­нистр­лігі мен Ұлттық статистика бюросы заң­ға сәйкес креативті экономи­каның жұмыс істеуі үшін 14 ба­ғыт бойынша 55 қызмет түрін қосуды ұсыныпты. Олар өнер­ге қатысты бірнеше саланы креа­тивті экономиканың бағыты деп белгіледі. Атап айтсақ, дизайн, өнер, сән, кино, музыка, теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық технологиялар, компьютерлік графика, компьютерлік ойындар, баспа ісі, архитектура, маркетинг.

«Әрекетке – берекет» демекші, шығармашылықтан пайда табудың қыр-сырын меңгерген жастар жеке кәсібіне креатив қосып, саланың әлеуетін көтеріп жатыр. Осындай шексіз мүмкіндікті ел игілігіне асырып отырған шы­ғармашыл азаматтардың былтыр «Kazakh Tourism» компаниясы Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен «Creative табыс тарихы» жобасы ая­сында басын қосты. Кездесуде талантты жігіттерге рес­ми түрде «креативті индустрия амбас­садорлары» атағы берілді. Осы­лайша ұйымдастырушылар жас­тарды шабыттандырып, олар­дың тың жобаларын нарыққа енгізуді көздейді.

– Қазіргі жастарымыз әлемдік деңгейдегі жоғары бәсекеден қо­рық­пайды. Өздеріне сенімді. Олар­дың қиялдарында шек жоқ әрі табысқа жету үшін не істеу керек екенін анық біледі. Ерек­ше атап өтерлігі, әрқайсысы елдің абыройын жаһанда ас­қақ­тату үшін үлес қосқысы ке­летін патриот­тар. Креативті эко­номиканы дамы­туға арналған мем­лекеттік қыз­мет­керлермен кез­десуде жас шы­ғар­машыл жігіт­терді тыңдай оты­рып, осындай тұжырым жасадым, – деді «Ұлттық БАҚ қауым­дастығының» төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

ми

Сол «Creative табыс тарихы» жобасындағы шығармашыл аза­маттың бірі – Бабыр Арғынов. 29 жастағы қолөнер шебері көне технологиямен қойдың, ешкінің ішегін өңдеп, ұлттық аспаптарға ерекше үн беруге тырысып жүр. Ол музыкалық колледжде домбыра мамандығында оқып жүрген кезінде күй шерткенде қоңыр үнді жеткізу қиын екенін байқайды. Сөйтіп Бабыр әр өңірдегі қазақтың жеті күйшілік мектебін зерттей бастайды.

– Шығыста үш ішекті домбыра қолданылса, Батыс пен Ар­қа домбыраларының түрлі пі­шіні болған. Әр аймақтың домбырасы әртүрлі болса да олар­дың барлығына бірдей қой мен ешкінің ішегі қолданылыпты. Осы ізденісімнің соңы «Қоңыр» шеберханасын ашуға ұласты. Пандемия кезіндегі бос уақытым­ды тиімді пайдаланып, түркі­тіл­дес елдер мен Еуропада аспап­­тар­дың ішегінің қандай мате­риал­дан жасалатынын зерттей бастадым. Кезінде Еуропада Барок­ко дәуіріндегі музыкалық ас­пап­тарының ішектері қой мен ешкінің ішегінен жасалыпты. Олардың жасалу технологиясын да оқып, меңгердік. Дегенмен бұрын домбыраның ішектері 1-2 күй орындағаннан кейін үзіліп қалатын. Біз осының себебін анықтап, түрлі тәжірибе жасап көрдік. Қазір жасап жатқан табиғи ішектеріміздің төзімділігі жоғары. Мал сойғаннан кейін адамдар ішектерін қоқысқа лақтырады. Біз мал соятын арнайы жерлерге барып ішектерді жуып, тазалатып аламыз. Оны әрі қарай шеберханада өз техноло­гиямызбен өңдейміз. Суға бірнеше күн салып, кептіргіш станоктарымызға иіріп, аттың қылымен тегістеп дайындаймыз, – деді қолөнер шебері.

Бүгінде Бабыр інісімен бір­ге айына шамамен 300-500-дің көлемінде ішек әзірлейді. Қа­­зір әсіресе қой мен ешкінің ішек­теріне сұраныс көп көрінеді. Тіп­ті Түркия, Әзербайжан, Еу­­ропа елдерінен тапсырыс алып үлгерген.

– Күніне кемінде 10-15 адам хабарласады. Қазір еліміздегі шеберлер­мен серіктестік орнатып жатыр­мыз. Жақында әлемге танымал «Тұран» этнофольклорлық ан­самблімен бірігіп үлкен жоба ұйым­дастыруды жоспарлап отыр­мыз. Ансамбль табиғи ішек­тер­ден жасалған домбыра, шертер, жетіген, қобыз аспаптарымен ар­найы шығармалар орындамақ. Ел алдында жүрген танымал күй­ші­леріміз Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Еділ Басығара ағала­рымызға көрсетіп, оң пікірін де алдық. Осы бір жыл ішінде халық­тың домбыраның қоңыр үнін сағынғанын байқадық. Та­би­ғи ішектермен орындалған күйлердің әсері де ерекше. Мәсе­лен, жетіген аспабына табиғи ішек­терді қолдануға мүмкіндік бар. Бірақ қазір жетігенге Қытайдағы «гучжэн» деп аталатын аспаптың ішегін салып жүр. Ал тарихта жетіген аспабына не аттың қылын, не малдың ішегінен ішек салған. Қазір біз осы бағытта тәжірибе жасап жүрміз. Жылдың соңына дейін қолданысқа енгіземіз деген жоспар бар. Екінші аспап – шертер. Кезінде шертердің ішегі табиғи ішектерден болыпты. Бірақ қазір шертерге нейлонды ішектер салынып жүр. Амандық болса біз шертерге де табиғи ішектер жа­сау­ды жоспарлап отырмыз. Та­ғы бір айта кететін аспап, ол – при­ма-қобыз. Оған өнер иелері скрип­каның ішектерін салып жүр. Прима қобыздың алғашқы үлгісі қобыз сияқты болған және төменгі жағына малдың табиғи терісін жауып, табиғи ішек салған. Оның дыбысы қазіргі прима қобыздан ерекше болған, – деді Бабыр Арғынов.

ям

Қолөнер шебері секілді қа­зақтың ұлттық құндылығын дә­ріп­теп, ұшқыр қиялымен тың жоба ұсынғандардың тағы бірі – Мансұр Смағамбетов. Заманауи өнер суретшісі «Creative табыс тарихында» «Мәсі» бастамасын таныстырды.

– Лондонда орналасқан әлем­дегі ірі музейлердің бірі Бри­тан музейінде ХХ ғасырға тие­сілі мәсі артефакт ретін­д­е қойылған. Бұл «Мәсі» Же­тісу ауданында табылған екен. Осы­ны көріп, маған бір идея келді. Қазақтың ұлттық негізін білдіретін дүниелерді өзіміздің жерімізде көбірек қою керек деп түйдім. Негізінен еліміздің әр аймағында ұлттық құндылығын ашатын ою, сәукеле, ұлттық киім-кешектер, тұлпардың мүсіні бар. Мен үнемі әр туындымда қазақтың кодын сақтап қалатын жобаларды ұсынамын. Сондықтан креативті экономикаға үлесім ретінде көшпелілер мәдениетінің жарқын көрінісі Лондондағы мәсінің мүсінін қаладағы тұрғын үйлердің немесе ашық алаңдарға қоюды ұсындым. Бұл өз кезегінде туристерді тартатын бір нысан болады, – деді М.Смағамбетов.

Жоғарыда биыл Мәдениет және спорт министрлігі креативті экономикадағы ішкі жалпы өнім­нің үлесін 3,6%-ға жеткізуді көздеп отырғанын айттық. Оған жету жолында үлкен жұмыс істелер, ал мақаламызға кейіпкер болған Бабыр Арғынов пен Мансұр Смағамбетов сияқты азаматтар қазірдің өзінде бұл көшті алға сүйреп жүргенін еске­руіміз керек және жастардың еңбе­гіне лайықты қолдау жасалады деген сенімдеміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ