Арнайы білім мекемелеріндегі ахуал

0
146

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпыға ортақ білім беру үрдісіне қосуға ерекше назар аударылып отыр. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу бағдарламасын дер кезінде игеруі, өз ортасымен тіл табысуына қатысты әдістемелік кешенді жетілдіру жұмыстары сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова аталған орталықта ерекше қажеттілігі бар ба­ла­ларды қолдау бағытындағы жұ­мыс­тар туралы айтып берді.

– Диагностикалық бақылаудан өткеннен кейін балалармен кәсіби мамандар айналысады. Түзету са­бақ­тарын өткізу, ата-аналарымен уақтылы кеңесіп отыру да ма­ман­­дар үшін маңызды. Сонымен қатар олар мұғалімдерге көмек көр­се­тіп, әдістемелік құралдар жазу, білік­тілікті арттыру курстарына да тіке­лей атсалысып келеді. Еліміздегі мек­тепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсетуде ресурстық бөлім ар­қылы психологиялық-педаго­ги­ка­лық кеңес беру де орталық маман­да­рының бас­ты назарында, – дейді Ә.Күдеринова.

Орталық басшысының айтуынша, республикада ерекше балаларды оқытуға арналған оқулықтар кешені 2017 жылдан бастап жарық көріп келеді. Бүгінде республикада 465 арнайы білім беру ұйымы бар болса, олардың ішінде облыс­тар мен қалалар бойынша 44-ін ар­найы мектепке дейінгі ұйымдар құрайды. Ал арнайы мектептер саны – 99, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру ұйымдары – 92, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері – 208. Сонымен бірге 13 оңалту, 9 аутизм орталығы жұмыс істейді.

Арнайы және инклюзивті білім берудің әдіснамалық және әдіс­те­ме­лік қамтамасыз ету бөлім­інің мең­­герушісі, педагогика ғылым­да­ры­ның кандидаты, доцент Ирина Елисеева және ғылыми қыз­меткер Жанбота Аханова инклюзивті бі­лім берудің ерекшелік­те­ріне тоқ­тал­­ды. Мамандар атап өткендей, физикалық, психикалық, интеллектуалды және басқа да ерек­ше­ліктеріне қарамастан, ерекше қажеттілігі бар балалар жалпы бі­лім беру ме­ке­­мелерінде білім алу­ға құқылы. И.Ели­сеева орталық мамандарының мүм­кіндігі шектеулі балалар оқитын арнайы мектептерді оқу-әдістемелік қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді атап өтті.

– Бізде есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген, сөйлеуі қиын ба­ла­ларға арналған мектептер бар. Мұндай балалар мемлекеттік стандарт бойынша оқытылғанымен, оқу материалын әзірлеудің өзіндік ерекшеліктері бар әрі онда орталық тарапынан әзірлеген типтік оқу бағ­дар­ламалары ескерілуге тиіс, – дейді И.Елисеева.

Ақыл-ойында ауытқушы­лық­та­ры бар балалар білім беруде ерек­ше санатты құрайтындықтан, бар­лық пән бойынша өзіндік оқу бағдарламаларын жасап, өткен жылы 0-10 сынып оқулықтары жа­зылған. И.Елисееваның айтуынша, 2004 жылдан бастап елімізде бұрын отбасында тәрбиеленген, даму интеллектінде аз ғана ауытқу­шы­лығы бар балалар жалпы мектептерде білім алуға мүмкіндік ал­ған. Міне, осы санаттағы балалар үшін типтік оқу бағдарламалары жа­салды. Арнайы мектептерде ба­ла­­ларды оқытудың өзі отбасы үшін үлкен әлеуметтік қолдау болып са­налады. Осылайша, ата-аналар да өз мүмкіндіктерін дамытып, қо­ғам дамуына атсалыса алады. Бү­гінде елі­міз­дегі арнайы мектептерде жалпы санаттағы мүгедек бала­лар­дың 14 пайызы ғана білім алып жатыр. Олар­дың көпшілігі жалпы білім беретін мектептерде оқып жүр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ