Криминал авторитет өкілдері ұсталды
Алматыда кәсіпкерлерге қысым көрсеткен криминал авторитет өкілдері ұсталды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеп отыр.
“Жедел іс-шаралардың нәтижесінде Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚКД-мен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен ресми емес жұмыскерлері қылмыстық ортаның өкілдері болған күзет ұйымының құқыққа қарсы қызметін жойды. Олар қақтығыс жағдайлар мен арандатулар жасау арқылы объектілерді басып алумен айналысқан. Кейіннен олардың «қауіпсіздігін» қамтамасыз еткен. Мысалы, өткен жылдың 23 қарашасында фигуранттар криминалдық қамқорлық жасау және ықпал ету саласын кеңейту мақсатында караоке-барға басып кіріп, онда мекеменің иесі мен күзетшілерін ұрып-соққан. Полицияға 10 күдікті жеткізіліп, олардың 6-уы қамауға алынды. 20-дан астам іздеу іс-шаралары жүргізіліп, атыс және суық қару тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Бұзақылық пен өз бетінше билік етудің бірнеше фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.