Ұландық сарбаз салған батырлар портреттері Ұлттық ұлан мұражайына қойылды

0
12

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Тараздағы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Бекзат Рамазанов бөлім музейіне өз қолымен салған көркем туындыларын табыстады.

Қызметтен тыс уақытта Бекзат Ұлы Отан соғысы қаһармандарының портреттерін салумен айналысады. Оның еңбектерінің қатарында Рақымжан Қошқарбаевтың, Мәлік Ғабдуллиннің және былтыр 100 жылдығы атап өтілген Ыбырайым Сүлейменовтің бейнелері бар.

Бауыржан Момышұлын бейнелеуге ұландық ерекше жауапкершілікпен қарады. Батыр тұлғаның қайсар рухын, болаттай берік болмысын көркем бейнелеу үлкен шеберлікті талап етті. Нәтижесінде туынды мазмұны терең, көрген жанның жігеріне-жігер, қайратына-қайрат қосатын туынды болып шықты.

Әскери қызметшінің портрет жанрын таңдауы да кездейсоқ емес. Бекзат бала кезінен мүсінші болуды армандап, Алматыдағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне оқуға түсіп, бейнелеу өнері мен мүсін негіздерін меңгерген.

Ал оның әскери қызметте байланыс торабының радиотелефоншы мамандығын таңдауы саналы шешім болды. Себебі Бекзаттың әпкесі ҚР ҰҚК Шекара қызметінде байланысшы болып қызмет етеді. Өнегелі отбасыдан шыққан Бекзат қазіргі уақытта әскери қызметтегі жолын шығармашылықпен ұштастырып келеді.

Бекзат Рамазановтың туындылары батырлардың асқақ бейнесін сақтап қана қоймай, олардың жауынгерлік рухын келер ұрпаққа дәріптейді. Әрбір портрет Ұлттық ұлан әскери қызметшісіне тән парыз, ар-намыс пен ерлік құндылықтарын айқын сезіндіреді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ