Әлем құрамасы үздік шықты
Астанадағы шахматтан әлем чемпионатының аясында тарихта тұңғыш рет әйелдер арасындағы Қазақстан мен дүние жүзінің ең таңдаулы гроссмейстерлерінен жасақталған әлем құрамасының матчы өз мәресіне жетті. Жарыс ережесіне сәйкес, шахматшылар турнирдің алғашқы екі күнінде рапидтен сынға түссе, кеше блиц бойынша шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен бәсекеде жерлестеріміз өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Үш күнге жалғасқан ойлылар додасында әлем құрамасының шахматшылары үздік шықты.
Бұған дейін жазғанымыздай, рапид бойынша өткен алғашқы екі күнде отандастарымыз әлем құрамасына бес ұпай айырмашылығымен жол берген еді. Алғашқы төрт турда әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте көш бастап тұрған қытайлық Хоу Ифань бастаған шахматшылар 18,5:13,5 есебімен алға шығып алса, кейінгі күнгі бәсекеде де қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік секілді тәжірибелі гроссмейстерлеріміз қарсыластарына лайықты қарсылық көрсеткенімен, жас шахматшыларымыз жер-жаһанның үздіктері алдында тәжірибесіздігін танытты. Сөйтіп екінші күнгі төрт турдан кейін, яғни жалпы сегіз турдың қорытындысы бойынша Дана Рейзниеце-Озола жетекшілік еткен әлем құрамасы 34,5-29,5 есебімен жеңіске жетті.
Бір айта кетерлігі, сол екі күнде жылдам шахматтан (блиц) әлемнің екі дүркін жеңімпазы Бибісара Асаубаева төрт дүркін әлем чемпионы 29 жастағы қытайлық Хоу Ифаньді екі рет тізе бүктіріп, турнирді тамашалауға келген мамандар мен жанкүйерлердің назарын өзіне аудартты.
Жерлестеріміз рапид жарысы бойынша қарсыластарына жол бергеннен кейін жанкүйерлер блиц бәсекесінде отандастарымыздан нәтижелі ойын күткен болатын. Өйткені кейінгі жылдары Қазақстан шахматшылары жылдам шахматта толайым табыстарға қол жеткізіп жүр. Дегенмен, бұл сайыста да Қазақстан құрамасының ойыншылары қарсыластарынан жеңіліп қалды.
Блиц бойынша әлемнің ең үздік шахматшысы саналған Бибісара Асаубаева сегіз матчтың төртеуінде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасын жалпы есепте алға сүйресе де, өзге әріптестері оған көмектесе алмады. Хоу Ифаньді рапидте екі мәрте жеңген Бибісара бұл жолы сол жетістігін қайталай алмады. Блицте ол қытайлық қарсыласынан бір мәрте басым түсіп, бір рет жеңіліп қалды. Ал Динара Сәдуақасова (үш тең ойын) мен Жансая Әбдімәлік (төрт тең ойын) бірде-бір кездесуінде жеңіске жете алмады.
Сөйтіп 8 турдың қорытындысы бойынша әлем құрамасы бұл жолы да жерлестерімізді айқын басымдықпен қапы қалдырды – 38,5-25,5. Ережеге сәйкес, жеңімпаз атанған құрамаға уәде етілген 30 000 АҚШ доллары, екінші орынға 20 000 доллар көлеміндегі қаржылай сыйақы берілді.
Өз елімізде ұйымдастырылған жарыста отандастарымыз жанкүйерлерін жеңіспен қуанта алмаса да, көрермендерге тартысты ойын сыйлай білді. Сонымен қатар жас шахматшыларымыз әлемнің ең үздіктерімен шеберлік байқасып, өздеріне өмірлік азық болатын мол тәжірибе жинады. Сондықтан бұл матчта елдің шахматы да, шахматшылары да жеңілген жоқ деген ойдамыз.