Әлемнің үздік университеттері анықталды

0
143

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропаның және АҚШ-тың университеттері QS World Rankings 2024 рейтингінде көш бастап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, QS World University Rankings аясында 2024 жылға арналған әлемдегі үздік университеттердің жыл сайынғы рейтингі жарияланды. Алғашқы ондықтағы орындардың жартысы Еуропаға бұйырды.

Осымен 20 жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл бағалау 17,5 миллион ғылыми жұмысқа жасалған талдауды, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен 240 мыңнан астам мұғалім мен жұмыс берушінің пікірлерін ескере отырып жасалған.

Сонымен, АҚШ-тағы Массачусетс технология институты (MIT) 12-ші жыл қатарынан ең жоғары 100 ұпай жинап, 1-орынды иеленді.

Кембридж университеті (Ұлыбритания) 99,2 ұпаймен 2-орында, ал оның жергілікті қарсыласы Оксфорд университеті 98,9 ұпаймен 3-орын алды.

Рейтингіде 98,3 ұпаймен Гарвард университеті – төртінші, Стэнфорд университеті 98,1 ұпаймен – 5-орында.

Сонымен қатар Швейцарияның жоғары техникалық мектебі, Лондон университеттік колледжі, Эдинбург университеті, Париж ғылым және әдебиет университеті үздіктердің қатарынан көрінді.

Аталған рейтингіге Қазақстан ЖОО-лары да енген:

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 230-орында;

– Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 355- орында;

– Satbayev University 481-орында;

– М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 611-орында;

– Қазақ ұлттық аграрлық университеті 641-орында.

Беделді рейтингінің жалпы ұпайы 9 көрсеткіш негізінде анықталды. Бұл тұрғыда академиялық бедел, жұмыс берушінің танымалдығы, оқытушылар мен студенттер саны, оқытушылардың жетістігі, шетелдік оқытушылар бойынша көрсеткіш, шетел студенттерінің үлесі, сондай-ақ халықаралық зерттеу бағыты, жұмыспен қамту және тұрақты даму нәтижелері зерттелді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ