Әлеуметтік төлемдерді цифрландыруда қандай жаңашылдықтар енгізілді?

0
2037

Бүгінде Қазақстанның әлеуметтік саласының алдында цифрландыруды күнделікті пайдалану міндеті тұр. Бұл бағытта сенімді қадамдар жасалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) қызметтерінің ерекшелігі – адамның дүниеге келген сәтінен бастап зейнетке шығуы, бақилық болуы кезеңіндегі мемлекеттік қызметтерді қамтиды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің сөзінше, осыған орай әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру арқылы еліміздің барлық санаттағы азаматы үшін қолайлы мүмкіндіктер жасау көзделген.

Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласы қаншалықты цифрландырылған?

Мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес, әлеуметтік-еңбек саласындағы 45 қызмет түрінің ішінде 41 мемлекеттік қызмет (91%) электронды түрде көрсетіледі, оның ішінде 21 мемлекеттік қызмет проактивті форматта, яғни автоматты түрде азаматтың қатысуынсыз.

Сонымен қатар әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық 45 мемлекеттік қызметті көрсету үшін еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон, әлеуметтік сақтандыру мен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау, әлеуметтік қызметтер сияқты салаларды қамтитын 15 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелер қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерде салааралық интеграция санының үнемі өсуі байқалуда. Қазіргі таңда барлығы 13 мемлекеттік органмен және ондаған басқа ұйымдармен 124 интеграция жүзеге асырылды, – дейді министр.

Ведомство басшысы бүгінгі күні цифрлық технологиялардың дамуымен қызмет алудың түрлі-түрлі ыңғайлы тәсілдері бар екенін айтты.

Әрине, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді электронды нысанда алудың негізгі платформасы бұл – eGov «электрондық үкіметтің» веб-порталы екендігі белгілі. Соңғы жылдары ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы (проактивті формат) да қызмет алу мүмкіндігі іске асырылуда. Бұл орайда 2018 жылдан бастап Министрлік мемлекеттік органдар ішінен алғашқылардың бірі болып проактивті форматта қызмет көрсетуді бастады. Яғни, «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» қызметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен Министрліктің ақпараттық жүйесіне келіп түсетін мәліметтер (баланың туылуы, ана-атасы туралы, олардың мобильдік телефон номері т.б.) негізінде қызметті алуға құқығы бар тұлғаға қызмет алуды ұсынып SMS-хабарлама жолданады. Әрі қарай қызметті алушы SMS-хабарламаға 3 (үш) жұмыс күні ішінде жауап беріп, сұратылған тиісті мәліметтердің дұрыстығын растауы қажет, – деп түсіндірді ол.

Мысалы, бала туылуына байланысты жәрдемақыларды алуда бүгінде балалы болған отбасылардың 38% осы проактивті форматта қызмет алуды таңдап отыр. Бұл дегеніміз адамдар үйлерінен шықпай, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай, әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндігі бар деген сөз.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, «электрондық үкімет» порталының мобильдік қосымшасы eGov-mobile арқылы қызмет көрсетуді түрі де енгізілуде. Министрліктің бірқатар қызметін eGov-mobile мобильдік қосымшасы арқылы алуға болады және «Цифрлық құжаттар» бөлімінде әлеуметтік-еңбек саласының «Зейнеткер куәлігі» және «Қандас куәлігі» құжаттары шығарылған.

Бұдан басқа Министрлік «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» мемлекеттік қызметтерін екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшасы арқылы көрсетудің пилоттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде және биылғы жылдың қазан айынан бастап іске қосылады деп жоспарлануда, – деді Шәпкенов.

 Биыл әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша қызметтің қаншасы электронды түрде ұсынылды?

Ағымдағы жылдың І-жартыжылдығының қорытындысы бойынша әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 7,0 млн мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 4,2 млн қызметі электронды форматта көрсетілді.

Әлеуметтік-еңбек саласының 45 мемлекеттік қызметінің ішінде 24 қызмет әлеуметтік төлемдерге (жәрдемақы, зейнетақы, төлем, көмек) байланысты қызмет. Биылғы жылдың 1 шілдесінде мұндай қызметтер саны 1,6 млн құрады, оның ішінде 583,4 мың қызмет электронды форматта көрсетілген. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 2-жартыжылдығында проактивті қызметтерді реинжинирингілеу жүргізілді. Осыған байланысты алдағы уақытта проактивті қызметтер саны артады деп күтілуде, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Ол биыл министрлік тарапынан әлеуметтік төлемдерді цифрландыруда қандай жаңашылдықтар енгізілгенін айтып берді.

Биылғы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерді цифрландыруда бірқатар жаңашылдық енгізуде.

«Электронды еңбек биржасы» порталы

«Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу», «Жұмыссыздарды тіркеу», «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдама беру» және «Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» «Электронды еңбек биржасы» порталы (Enbek.kz) арқылы көрсетудің пилоттық жобасы еліміздің барлық аумағының тұрғындары үшін қолжетімді болды. Бұл өз кезегінде «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу», «Жұмыссыздарды тіркеу» мемлекеттік қызметтерін көрсету мерзімін 10 (он) күннен 3 (үш) күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жұмыс іздеуші адамдардың Халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай қызмет алуын қамтамасыз етеді, яғни адами факторларды, тиісінше сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.

«Электрондық үкімет» порталы

«Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындау» және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметтерін пилоттық режимде «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсету іске асырылды.

Проактивті қызметтерді реинжиниринглеу

«Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» мемлекеттік қызметтерін проактивті форматта көрсетудің бизнес-процесіне реинжиниринг жүргізіліп қызмет алушыларға жолданатын SMS-хабарламалар саны 3 SMS-тен 1 SMS-ке қысқартылды. Осылайша проактивті қызметті алу процесін оңтайландыру арқылы алдағы уақытта аталған қызметтер бойынша проактивті қызметтер санын 50%-ға дейін жеткізу жоспары тұр.

Эксаумақтық қағидатын енгізу

«Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау», «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» және «Жүкті болу мен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» мемлекеттік қызметтерін эксаумақтық қағидаты бойынша пилоттық жобасы енгізілді. Яғни, қызметті алушылар өздерінің тұрғылықты жеріне қарамастан аталған қызметтерді еліміздің кез келген аумағынан алуына болады.

Мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу

Министрлік қазіргі таңда «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін сырттай көрсетуді енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Медициналық ұйымдарда тексеруден өтіп, тиісті ем алып жүрген адамдарда егер мүгедектік белгілеу туралы белгілер болған жағдайда дәрігерлер медициналық ұйымның ақпараттық жүйесі арқылы Министрліктің ақпараттық жүйесіне пациент туралы тиісті мәліметтерді жолдайды. Нәтижесінде Министрліктің медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкерлері пациентті тікелей қабылдамай медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы келген мәліметтер негізінде сырттай мүгедектікті белгілеу немесе белгілеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Осылайша пациент тек бір ғана инстанцияға, яғни медициналық ұйымға келеді және ары қарай медициналық-әлеуметтік сараптамаға барып, құжаттарын қағаз жүзінде көрсету, кейбір деректерді дәлелдеу қажеттілігі болмайды. Бұл өз кезегінде адами факторларды, тиісінше сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшасы арқылы қызмет көрсетуді енгізу

«Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» мемлекеттік қызметтерін екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшасы арқылы көрсетудің пилоттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ