Әлеуметтік желі арқылы қоғамның тыныштығын бұзған блогерлердің тізімін жасау керек – Нартай Сәрсенғалиев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желідегі бей-берекет әрекеттер көбейгені туралы мәселе көтерді.
Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, қоғамда адамды қорқыту, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп, әзілдің шекарасынан шығып кеткендер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Нақты мысал:
1. Астана қаласында блогер достарымен бірге жеделсатының ішіне «жалған мәйітті» кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Жеделсатының ішінде болғандардың жан даусы шықты.
2. Елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп, жұрттың зәре-құтын алды.
3. Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратты. Мұндай мысал мың. Желіге желімдей жабысқандар «пранк» деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға томпақ екенін аңғару қиын емес.
Ол ол ма, біздің блогерсымақтар шетелге барып, абыройды айрандай төгіп жүр. Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. «Ойыннан да омыртқа сынатынын» білмейтін мұндай блогерсымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл – адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу.
Қазір пранк деген парықсыз әрекеттің тағы бір түрі пайда болды. Ол жасанды интеллектпен жасалады. Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан-саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интеллект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интеллект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды.
Ол ол ма, жуырда бір блогердің тірідей табытқа жатып, өзін көміп, «24 сағат табытта» атты челлендж бастағанын қоғам қатаң сынға алды.
Хакім Абай: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тимек» деген уағында. Сондықтан өлшемге өресі жетпейтіндерді заңмен тұсайтын кез келді.
Осыған орай мынадай ұсыныстарды қарау орынды деп санаймын:
1. Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажет;
2. Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек;
3. Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет;
4. Мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде жүргізу керек.









