Әлеуметтік желіні бақылауға алуға шақырды.

0
63

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова соңғы кездері орын алып жатқан балалар арасындағы суицидке қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіні бақылауға алуға шақырды.

«Иә, ресми тергеу басталды. Бірақ қазірдің өзінде мұның бәрі нақты орындаушысы бар қылмыс, кісі өлтіру деп айтуға болады. Айуандықпен қылмыс жасағандарды, яғни арандатушыларды анықтап, заңды түрде жазаға тартуды құқық қорғау органдары қажет болса халықаралық іздеу жариялап, орындайды деп үміттенемін. Ал енді осы қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екенін ашық ақпарат көздерінен оқудамыз. Оны жалтақтамай айту қажет деп санаймын», – деді депутат.

Оның айтуынша, әлеуметтік желі  санасы әлі қатпаған жеткіншектеріміздің психикасына теріс әсер ететін құралға айналған. Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалуда.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отырғанын айтты. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды. Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді.

«Сондықтан, әрбір ата-ана осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларымен көбірек сөйлесулері керек. Жауапты министрлік мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс алгоритмдерін өзгертуі тиіс. Олар балалардың мінез-құлқындағы және жүріс-тұрысындағы белгілерді уақтылы анықтауда тиімді құрал болуы керек. Бірақ, ең бастысы, мұны мен ұстаз ретінде, ана ретінде, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі керек деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиянды, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемелерге бақылауды оқыс күшейтуді қатаң талап ету керек», – деді Сүлейменова.

Сонымен қатар ол мессенджер иелері «меморганнан құқықтық тұрғыдан негізделген талап-арыз күтіп отырмыз» деп сылтауратпай, қауіпті контенттің таралуына жол бермеу үшін өздерінің жұмыс алгоритмдерін өзгертулері тиіс деген ойын білдірді. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, шындап келгенде бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлер иелерінің қолынан келетін шаруа.

«Егер мұндай талап орындалмайтын болса, онда мемлекет бақылауды күшейтсін. Барлық қауіпті контентке қатаң тосқауыл қойылсын. Ал жекелеген контентке тосқауыл қоюға қол жеткізу мүмкін болмайтын болса, онда нақты заң бұзған әлеуметтік желі немесе мессенджер бұғатталуы керек.

Біздің балаларымыздың өміріне қауіп төніп тұрғанда ешқандай мәймөңкеге жол беруге болмайды. Мен мұны ана ретінде, педагог ретінде айтып отырмын. Барлық ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық мені толықтай қолдайды деп білемін. Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселеде жайбасарлыққа жол беруге болмайды, дереу іске кірісу керек!», – деді депутат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ