Әлихан Смайылов: Бала қауіпсіздігі – басты назарда

0
189

Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020 жылмен салыстырғанда республикада бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарының саны 2,5 есеге, лицензияланған күзеті 7 есеге және 21 есеге, ескерту түймелері артқаны туралы баяндады. Бүгінгі таңда осы бағыттардағы жұмыс жалғасып жатыр.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздік жүйесін жетілдіру үшін білім беру ұйымдарындағы бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту, олардағы бақылау-өткізу режимінің тәртібін айқындау, дағдарыс жағдайында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға баса назар аудара отырып, тәрбие жұмысын қайта форматтау және педагогтарды даярлау мен қайта даярлау бағдарламасына жаңа тақырыптық модульді енгізу жоспарланған.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов атап өткендей, елімізде білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілген. Оның шеңберінде 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және құлақтандыру жүйелері болуы тиіс, ал 700 адамға дейінгі объектілерде – бейнебақылауларды жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосу және дабыл түймелерін орнату, 700-ден астам адамы бар және облыс орталықтарының барлық мектептерінде турникеттер мен қосымша лицензияланған күзетпен шарт болуы тиіс. Бүгінгі таңда ҚР ТЖМ-мен бірлесіп барлық білім беру ұйымдарына кешенді тексеру жүргізілуде.

Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев баяндама жасады.

Премьер-министр баяндамашыларды тыңдап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету    мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бұл бағытта нормативтік те, ұйымдастыру жағынан да барлық деңгейде жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.

«Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды.

«Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы осы жылдың 1-ші сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажеттігін айтты.

«Бұл полицияның жедел басқару орталықтарына шығатын бейнебақылауға, мамандандырылған күзетпен және дабыл кнопкаларымен қамтамасыз етуге қатысты», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-министр үш күн мерзімде Үкіметке балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізуді тапсырды, оған уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритімін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кіруі тиіс.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ