«Ұлтқа тәннің бәрі – ұлттық құндылық»

0
376

Дәуір өтіп, жыл жылжып, замана ауысқан сайын қазақы негіздің, ұлттық құндылықтың бағасы асқақтай түседі. Ақпарат ғасырында әсіресе, әр істің анығын, ақ-қарасын тану ауыр. Мұндайда адастырмас темірқазық болған тәрбие деген ұғым бар. Қазақы құндылықтың жоғалмайтын жауһары қазір неге азға айналды? Біз нені ұмытып барамыз? Елдің еңбек сіңірген қайраткері, аға буындағы ардақты азамат, актер Бекжан Тұрыспен әңгімелескен едік.

 

– Аға, жақсы-жаман деп біржақты бөліп қарастыра алмайтын “гендерлік саясат” деген ұғым шықты. Көзқарасыңыз қандай?

Осы нәрсені ұната алмаймын өзім. Олар әйелерді еркектермен теңестіреміз деп, теңестіріп емес, егестіріп жатыр қазір. Бұл саясат әйелдерді орға жығады. Мен әйелдердің бағасын төмен түсіріп жатқан жоқпын. Әйел өзінің міндетін білуі керек. Мұхтар Әуезовтің сөзі бар: «Қазақ әйелінің қасиеті қай елдігінде емес, әйелдігінде»,-деген. Сондықтан, менің айтып жатқаным, ерін бағалай алған әйел елінің де жоғын жоқтай алады. Бұрынғы қазақта сондай, елдің мұңын мұңдай алатын аналарымыз көп болды ғой. Ардың ақ сүтімен ауызданған, кимешегі кірлемеген, қасиеті қалың елге қазық болған, басындағы бөзі кірлемеген аналарымыздың айтатыны көп еді. Қазір өкінішке орай, мұндай адам қалмай бара жатыр. Қазір сол, еркекпен егес екінің бірінде.

 

– Шымбайға батады дейсіз ғой…

– Әрине. Қазір бәрі данышпан. Дәстүрді керек етпейді. Қайталау болар, сонда да айтқым келеді. Тянь-Шаньскийдің айтатыны бар: «Қазақтарды оқытудың қажеті жоқ. Олардың салт-дәстүрлері тұнған білім»,-деп. Ал біз сол, өзіміздің қағымыздан өзіміз жеріп жатырмыз. Егер, қазақ өзінің қазақтығын сақтаса, осының бәрі сақталып қалатын еді. Мұны мен емес, Мұхтар Мағауин де айтқан болатын. Сондықтан, біз елдікті, ұлттық құндылықты сақтағанда ғана қазақ болып жаһан жүзінде қалатынымызды түсінуіміз керек. Мұның бәрін біз кейінгі ұрпаққа айтып отыруға міндеттіміз. Өкініштісі, бұл дүние қазір айтылмайды. Қазір жас буында тілге деген құрметтің сақталмағаны былай тұрсын, әдеп, иба бұзылып барады. Көрсең, жүрегің ауырады. Шыдай алмай, ескерту жасап, айтып тастайтыным бар. «Не шаруаңыз бар?», «Өз қызыңызға, ұлыңызға айтыңыз»,-дейтін жастар көп қазір. Түптеп келгенде бұл да қазіргі тәрбиенің көрінісі ғой.

 

– Отбасы институты дегенді жиі айтасыз. Бұрынғы қазақтың бұзылмай тұруына да осы жазылмаған заң, айқайлап айтылмайтын адамгершілік сеп болды ғой. Сізден рухани құндылық туралы сұрағым келіп отыр…

– Рухани құндылық деген не? Қазаққа, қазақ сияқты әр ұлттың өзіне ғана тән дүниенің бәрі осы рухани құндылыққа саяды. Мен бұл туралы айтқанда, әуелі отбасылық институтты айрықша атағым келеді. Неге? Мемлекет, қоғам бұзылды дей бергенше, отбасына қарайық. Қазақтың әр ошағы түтінін түзу ұшыра алса, қоғам деген сол емес пе? Мемлекет дегеннің өзі үлкен отбасы еді ғой. Үнемі көңіл толмайдының сөзін айта беруге келмес. Шүкір, әлі де бармыз, тіріміз. Қазақылықтан жерімеген жұрт көп. Кем-кетігіміз өкініштісі, аз болмай тұр. Бағана өзің де сұрадың ғой, отбасы институтын жиі айтасыз деп. Қарапайым ғана мысал келтірейікші. Баяғы емес, сәл бұрынырақта қалай еді? Әке мен шешенің қабағына қарап, айтқанына жүгінетін едік. Қазір керісінше, ата-аналар балалардың қабағына қарайтын болды. Ол кездің үлкен буыны да ақыл айта алатын, орта жасқа жетпей жатып-ақ етек-жеңін жыятын.

 

– Аға, әңгіме ауанын ұлттық құндылық, рухани тәлім дегенге ауыстырдық қой. Осы ұғымның бәрі отбасыдан бастау алады деп өзіңіз де айттыңыз. Өкініштісі, қазір отаса алмаған отбасы жетерлік. Ажырасу бойынша әлемде екінші орындамыз ғой…

– Ел боп ойланатын дүниеміз осы. Құндылығының құны кетпеген қазақта ажырасу деген отыз рулы елдің шаңырағын ортасына түсіргенмен бірдей сұмдық дүние болатын. Қазақ келіндерінің символы болған (Бауыржан Момышұлының келіні) Зейнеп Ахметова апамыздың бір әдемі әңгімесі бар: «Отбасы болған соң, бәрі болады. Батырдың баласы Бақытжанның маған қол жұмсаған кезі де болды. Мен соны көтере алмай, қыстыгүні, желтоқсан айында жалаң көйлекпен үйге келдім. Түрімді көріп, шешем бауырына басатын шығар деп ойлаған едім. Бірақ шешем керісінше, есікке екі қолын тіреп тұрып алып: «Тоқтат көзіңнін сорасын! Намыс қайда? Мен сенің бетіңді жасық, сүйегіңді бор етіп жаратқан жоқпын. Шыққан қыз үйден тысқары деген, ендігі түтінін түтететін, тілеуін тілейтінің анау күйеуіңнің үйі. Бір еркектің кедір-бұдыр мінезін кешіретін кеңдігің болмаса, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң әйелдік ақ жаулықтан садаға кет! Менен көрейін дегенің осы ма еді?! Кеше ғана Бақытжан саған сұлтан еді ғой, сұңқар еді ғой. Бір жылға қоянның да терісі шыдайды, екі ай болмай жатып, көзіңнің жасын көрсетіп маған келе берме! Бұған Бақытжан емес, ұстамдылық танытып, татулықта кешірмеген сен кінәлісің. Батыр қараңды!»-деп қуып жіберген дейді. Міне, құндылық. Міне, тәрбие. Қазір ондай шешелер бар ма? Жоқ қой. Қоғамда «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды. Сен ғана емессің, мейлі кел, мен сені ешкімге қорлатып қоймаймын»-дейтін түсінік қалыптасты.

 

– Ресми статистика елдегі әр үшінші некенің ажырасумен аяқталатынын көрсетіп отыр. Мақұл, екі кететіндер көп дейік. Ал біз айтып отырған ұлттық құндылықта бұл мәселенің шешімі қандай?

– Біз қазір балалардың ыңғайын, материалдық жағдайын жасап береміз. Дайынға үйреніп алған балалар ертең отау боп шыққанан кейін ештеңе жасай алмай қалады. Міне, жоғарыда аталғанның бәрінің кінәсі осыда деп ойлаймын. Бұрындары махаббат болушы еді. Қазір сол махаббат та жоқ қой. Біз махаббатқа қулықтың қамытын кигізіп, ақшаның қолын сүйгізіп, бардың қолжаулығы, жоқтың қолүзігі етіп қойды. Ал махаббат, мейірім болмаған жерде шаңырақ болмайды. Қазақта сөз бар ғой «Тамшыдан көл құралады, шаңырақтан ел құралады»,-деген. Шаңырақ тату болмай, қоғам біртұтас болмайды. Біз осыны бүгінгі балаларымызға қаншалықты түсіндіріп жатырмыз? Сондықтан бар кінә біздің өзімізде деп ойлаймын.

Ұлттық құндылық дегенге жоғарыда да айттым, ұлтқа тән дүниенің бәрі кіреді. Біздің дала мен ар сотымыз, тәліміміз бен тәрбиеміз бұл ұғымның негізгі іргетасы. Қазақтықтан алыстамау керек. Себебі, мұнда дін мен дәстүр де, сыйластық пен махаббат та бар. Ел шу ғып жүрген гендерлік, теңдік дегеннің де біздің ұғымда өзіндік шешімі бар. Жатқа еліктеудің, үлгі алудың қажеті жоқ. Ұлттық құндылықты ұлт боп ұйысып, сақтап қалмасақ, уақыт өткен сайын болмысымыздан алыстай береміз. Ал бұл біз үшін зор қайғы…

 

  • Сұқбатыңызға рақмет, аға!

 

 

Жазып алған: Мадина Оқас

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ