Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізуді жалғастырады

0
6

Қазақстан Ұлттық банкі теңге бағамының шамадан тыс құбылмалылығын болдырмау және шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету мақсатында валюталық интервенциялар жүргізіп жатқанын хабарлады.

Теңге бағамының тұрақсыз өзгерістерін болдырмау, оның шамадан тыс құбылмалылығын реттеу және шетел валютасының жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізуде..

28 қарашада теңгенің биржадағы бағамы 513 теңгеге дейін көтеріліп, бір күнде 2,4%-ға әлсіреді. Ұлттық банк бұл жағдайға сыртқы және ішкі факторлардың теріс әсер етіп жатқанын атап өтті.

«Сыртқы іргелі факторлардың, атап айтқанда, АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат бағасының өзгеруі және геосаяси жағдайдың шиеленісуі аясында дамушы нарықтар валюталарының теріс динамикасы байқалуда. DXY индексі (АҚШ долларының негізгі әлемдік валюталарға қатысты бағамын көрсететін индекс) 2024 жылдың 28 қарашасында 106,2 пунктке дейін өсті, бұл ай басынан бері 2,2%-ға нығаюды білдіреді. ЕМ валюталарының индексі ай басынан бері 3,0%-ға төмендеді», – деп атап өтті Ұлттық банк.

Сонымен қатар мұнай бағасының құбылмалылығы артып, экономистердің болжамынша, Трамптың президенттік кезеңінде сауда тарифтері мен АҚШ-тың мұнай жеткізілімінің ұлғаюы мұнай ұсынысының артығына алып келуі мүмкін деген пессимистік көңіл-күй күшейіп отыр.

Ұлттық банк валюталық нарықтағы белгілі бір деңгейдегі бағамды мақсат етпейтінін және оның трендіне араласпайтынын мәлімдеді. Теңге бағамының қалыптасуы алдағы уақытта да іргелі факторларға сәйкес жүзеге асырылмақ.

«Егер қаржылық тұрақтылық тәуекелдері және іргелі факторларға сәйкес келмейтін шамадан тыс құбылмалылық орын алса, Ұлттық банк әділ бағамның қалыптасуын қалпына келтіру және валюталық нарықтың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында валюталық интервенцияларды жалғастыруға дайын», – делінген мәлімдемеде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ