Ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытып жүрген жастардың қатары артып келеді

Turan-El QazaqSport ипподромында ұлттық ат спортының ең тартымды әрі тартысты түрлерінің бірі — аударыспақтан кезекті облыстық турнир өтті. Дүбірлі додаға Қарағанды облысының алты ауданынан келген 100-ге жуық шабандоз қатысты. Қатысушылар ат үстіндегі күштік күрес тәсілдерін, ептілік пен төзімділікті, қарсыласын қапы қалдыратын шеберлігін паш етті.

Қарағанды облысы Аударыспақ федерациясының президенті Айдар Құтышевтің айтуынша, мұндай жарыстар ұлттық спортты жүйелі түрде дамытуда стратегиялық маңызға ие.
— Турнир Turan-El QazaqSport жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсатымыз — үздік спортшыларды анықтап, оларды кезең-кезеңімен дайындау арқылы болашақта республика, Азия және әлем деңгейіндегі чемпиондарды тәрбиелеу, — деп атап өтті ол.
Ережеге сәйкес, ересектер арасындағы белдесулер бес минутқа, ал жастар арасында төрт минутқа созылды. Қарсыласын бірінші болып аттан аударып түсірген спортшы жеңімпаз деп танылды. Егер негізгі уақытта жеңімпаз анықталмаса, «Қоян қолтық» атты қосымша кезең өткізіледі. Бұл кезеңде шабандоздар бір қолымен тізгінді, екінші қолымен қарсыласының белбеуін ұстап, төрешінің белгісі бойынша бір-бірін аттан аударып түсіруге тырысты. Ал егер нәтиже тең болып қалса, жеңімпаз салмақ көрсеткіші бойынша анықталды — басымдық жеңіл салмақтағы қатысушыға берілді.
Аударыспақтың өңірде дамуы және оның туристік әлеуетті арттырудағы рөлі туралы Қарағанды облысы Туризм басқармасының маманы Нұргүл Пак пікір білдірді.
— Қарағанды облысында ішкі туризм қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта ат спорты айрықша орын алады. Өңірдің әлеуеті жоғары, тәжірибелі жаттықтырушылар жеткілікті, ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытып жүрген жастардың қатары артып келеді, — деді ол.

Шет ауданының 17 жастағы тұрғыны Олег Казаков аударыспақпен үшінші жыл шұғылданып жүр.
— Бұған дейін облыстық турнирлерде жүлделі орындарға ие болдым. Бұл жолы екінші белдесуде жеңіліп қалдым, дегенмен жарыстан үлкен әсер алдым. Аударыспақта ең бастысы — ат үстінде нық отыру және жылқыны шебер басқару. Қарсыласын аттан аударған спортшы жеңіске жетеді. Жалғыз кемшілігі — жарыс «жеңілген шығады» қағидатымен өтеді: бір рет жеңілсең, турнирден бірден шеттетілесің, — деп бөлісті ол.

Жарыстар үш жас санаты бойынша ұйымдастырылды: жасөспірімдер (15–17 жас), жастар (18–21 жас) және ересектер (21 жастан жоғары).
Жастар арасында жеңімпаздар:
+80 кг — Ершат Тайтөлеу (Ақтоғай ауданы);
80 кг — Әлім Талғатұлы (Шет ауданы);
70 кг — Бекарыс Қатар (Шет ауданы);
50 кг — Нұрали Абзалұлы (Ақтоғай ауданы).
Жасөспірімдер арасында:
60 кг — Айбар Далабай (Шет ауданы);
+60 кг — Бейбіт Айнатайев (Шет ауданы).
+80 кг салмақ дәрежесінде топ жарған Балқаш қаласының студенті Ершат Тайтөлеу көпшіліктің назарын аударды. Оның айтуынша, бұл — облыстық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысуы.
— Бұған дейін тек өз ауылымдағы жарыстарда өнер көрсеткенмін. Бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Енді жастар құрамасына қабылданып, республикалық жарыстарға дайындалатын боламын, — деді ол.
Турнир Turan-El QazaqSport спорттық-мәдени жобасы аясында компаниялар тобының қолдауымен өтті.
Фото: Әсет Қамсызұлы









