– Ұлытау топырағы – Ұлы дала тарихының куәгері, ұлтымыздың рухани астанасы

0
78

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин Ұлытау ауылы Әулиетау тауының баурайындағы Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылыс жұмысымен танысты.

2022 жылы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында қазақ халқының бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан – Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды. Бүгінде нысан құрылысының 85%-ға жуығы аяқталған. Алаңда Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңін бейнелейтін барельефтер, жаяу жүргінші жолдары салынады. Нысанның жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Қазірде көгалдандыру және жарықтандыру жұмысы жүргізілуде.

– Ұлытау топырағы – Ұлы дала тарихының куәгері, ұлтымыздың рухани астанасы.  Дәл осы жерде 1730 жылы жоңғарларға қарсы үш жүздің жасағы жиналды. Жыл сайын мұндағы киелі орындарға 40 мыңға жуық мейман келеді. Ұлытау ауданында 600-ден астам ескерткіш бар. Сондықтан туризмді дамыту – «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі. Қонақ үй, санаторий салу, жолдарды жаңғырту жөніндегі кешенді іс-шаралар 2028 жылға қарай жыл сайынғы туристер санын 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ерболат Сатыбалдин.

Мәселен, 2027 жылға қарай Әулиетау шыңына апаратын жол салынады, Ұлытау ауданының Күмісбұлақ және Тасбұлақ бұлақтарының аумағы абаттандырылады, «Сәтбаев-Малшыбай» автомобиль жолы, «Жошы хан» кесенесі, Домбауыл қорымы қайта жаңартылады.

Осы күні Ерболат Сатыбалдин азаматтарды қабылдады. Ұлытаулықтар депутатқа: инфрақұрылымның жай-күйі, әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша жүгінді. Атап айтқанда, Ұлытау ауылының бірнеше тұрғыны ісін жаңадан бастаған шаруаларға мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несиені қалай алуға болатынын сұрады. Мәжілісмен жауап ретінде «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы туралы ақпаратпен бөлісті.

– Ауыл тұрғындарына 5-7 жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын шағын несие беріледі. Азаматтар 8,6 млн теңге дейін несие ала алады. Осылайша, шаруа жеке кәсібін аша отырып, қарыздан құтылып қана қоймай, әл-ауқатын да едәуір жақсарта алады. Президент былтыр Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасының маңызын атап өтіп, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясын ынталандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыру жұмысы басталғаннан бері Ұлытау облысында жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайтын 380-нен астам жоба мақұлданды. Қаражаттың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. Ұлытау ауылының көп тұрғыны жеңілдетілген несие алды. Азаматтарды жобаға белсенді қатысуға шақырамын, – деді Ерболат Сатыбалдин.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ