Мәңгілік досым Несіпбек Айтұлының қазасы қабырғама қатты батты – Жүрсін Ерман

0
372
фото:ашық дереккөз

Ақын, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері  Жүрсін Ерман «Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат берді.

Ақын ертеректе жабысқан кеселден айыға алмай келе жатқанын, Астана, Алматы қалаларында және Швейцарияда емделгенін айтты. «Қант диабеті деген кесел жабысып, ем-домнан нәтиже болмай тұр. Жетпістің үстіне шықтым, әрнәрсені ойлайсың, мәңгілік досым Несіпбек Айтұлының қазасы қабырғама қатты батты.  Жуырда ғана келіп менің көңілімді сұрап, халімді біліп кеткен, үш күннен соң инсульттен құлап, содан оңалмады», деді. Ж.Ерман төл баласындай қанатының астына алып қамқор болып келе жатқан айтысқа деген іңкәрлігін де сөз етті. Жуырда Астана қаласында өтетін «Алтын домбыра» айтысына өзі бас қазы болатынын жеткізді.

«Өлеңдерімді менің даусыммен оқып ғаламторға жігіттер салып жүр, біреуі келіп рұқсат сұраған емес. Оған ренжімеймін де, бірақ өкініштісі Жүрсін Ерманның өлеңі деп менің атымнан бөтен өлеңді де жүктеп жатыр. Соған қарным ашады, ұят емес пе?! Көп өлеңдерімнің әлеуметтік желіде тарап, баспасөз беттерінде де жарияланып жатқанын да білемін, оған шүкіршілік етемін», деген ақын  «Қасымның үйін қирату» деген өлеңін оқыды.

Алматы қаласындағы Достық даңғылы мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында қазақ поэзиясында ұлы бетбұрыс жасаған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов тұрған үйді бертінде күреп, орнына банк салынғанын, соның жанындағы бөтен үйге «Бұл үйде Қасым Аманжолов тұрған» деп ескерткіш тақта ілген көзбояушылыққа күйінгеннен жазған туындысы екенін айтты.

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ