Мұнараның мүшкіл халін министрлік біле ме?

0
249

Ақсүмбе ауылы – аудан орталығы Шолаққорғаннан 190 шақырым жерде орналасқан Созақ өңірінің күнбатыс шетіндегі ең шеткі елді мекендердің бірі. Ауыл іргесіндегі биік жотаның басында алыстан Ақсүмбе-Ақбикеш мұнарасы менмұндалайды.

Жергілікті жұрт осыдан он шақ­ты ғасыр бұрын салынған, тарихы терең мұнараның бүгінгі ахуа­лына алаңдаулы. Мұнара қапта­масының бір шеті опырылып құла­ған. «Қазреставрация» мемлекеттік мекемесінің тірлігі шикі екенін жөн­деу жұмыстарын жүргізіп жатқан­да айтқанымызбен, тірі пенде құлақ аспады», дейді ауыл тұрғындары. Ақсүмбе ауылының тұрғыны Шалқар Назарұлының айтуынша, сапасыз кесек кірпіштер желтоқсанның суық күндері қаланған. «Қыстыгүні 10-15 градус суықта сапасыз кесектер қаланды. Кесектердің арасында бай­ланыс жоқ. Қаншама қаржының желге ұшқаны қынжылтады. Тарихи ғимараттың сыртын жөн білетін адам қам кесекпен қалай ма? Кезінде байбалам салдық. Мынау не болды енді? Бір жаңбырда опырылып құлап қалды. Мұнараның түгел құлап қал­мауы­на кепілдік жоқ. Халықтың ақша­сына жүргізілген сапасыз жұмыс қой, жанашырлықпен айтып жатырмыз. Есік сапасыз, су қашыртқысы дұрыс салынбаған», дейді ауыл тұрғыны.

Иә, қам кірпіштен салынып, орта ғасырдан бүгінге дейін жеткен бұл мұнараның сәулет өнері тарихында алатын орны ерекше. Ақ керіш топырақтан құйылған кірпіштен тұрғызылған мұнараны жергі­лікті халық «сүтке илеген, ара­сына ту биенің құйрығын турап салған», дейді.

Биік мұнара бір заманда алыстан жауды бақылау үшін тұрғызылған қарауылхана деген болжам айтылады. Мұнараның бұрандалы тепкішекпен басы­на шығып бірнеше жаққа бағыт­талған тесігінен қараған адамға 50 шақырымға дейінгі сардала жазық алақандағыдай көрінеді. Мұнара жартас арасын ірі қиыр­­­шық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне ши­кі кірпіштен тұрғызылған. Пішімі жұмыр. Ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі батыс асуға, екіншісі сол­түс­тік-шығыс жақ­қа қараған. Мұнараның Ақ­сүм­бе аталуына қатысты зерттеулер мен аңыздарға негізделген бірнеше болжам бар. Қазақта найзаның ұшын «сүме» дейді, сондай-ақ моңғолша «сүм» деген сөз қазақша «ғибадатхана» деген мағына береді. Ауыл ақса­қалдары: «Ақсүмбе деген батыр қалмақтың Ақбикеш деген сұлуын соғыстан еліне олжалап алып келіп, өзіне еріксіз жар етеді. Қатты қапаланған қыз бір жылдан соң құсадан қайтыс болады. Сөйтіп, қыз мұнараның ішіне жерленіп, ел содан былай мұнараны «Ақбикеш» деп атап кеткен. Төмендегі ауыл батырдың есімімен Ақсүмбе ата­лыпты» деген аңызды алға тартады. Ақсүмбе мұнарасы туралы аңыздардың теріскейлік бір үлгісінде Ақсүмбе қала­сын билеп тұрған ханның Ақби­кеш деген әрі сұлу, әрі жау­жүрек қызы болғаны туралы айтылады: «Құралайды көз­ден ат­қан Ақбикеш мерген ту­ған қаласы үшін болған талай соғыс­қа қатысып, «мерген қыз», «Құралайды көзден атқан Ақ­би­кеш» аталыпты. Бірде Ақсүм­бе қаласының жанын­да­ғы биік таудың үстіндегі қа­рауыл төбеде түнгі күзетте тұр­­ған қарауылдарды жаудың жан­­сыздары өлтіріп кетіпті. Ер­те­­сіне Ақбикеш ханға барып қарауылдар мерт болған жер­­ге күзет мұнарасын салуды өті­­ніпті. Алыстан қарағанда сәу­­ке­л­е тәрізді бұл мұнараны халық «Ақбикеш», «Ақбикештің мұнарасы» деп атап кеткен», дейді.

Деректерге жүгінсек, көне қала орнында кезінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мұнара ХII-ХIII ғасырларда, моңғол шапқыншылығының алдында тұрғызылуы мүмкін екенін айтқан. Ал белгілі археолог Карл Байпақов «Қазақстанның ежелгі қалалары» деген кітабын­да Ақ­сүмбеге 1390 жылдары Алтын Орданың ханы Тоқ­тамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қар­сы жау әске­рін бақыласа ке­рек. Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің «Зуфар-на­месін­де» («Жеңіс кітабы») Әмір Темір­дің 1389-1390 жылдардағы Тоқта­мысқа қарсы жорықтарын сипат­тағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Жылнамашы өзінің Әмір Темірдің жорықтары туралы жазылған «Зафарнама-и-Тимури» кітабында: «Темірдің қолы Отырарға келгенде, Те­мір бірнеше кісіні Қаратауға жіберіп, Әділшені іздетті. (Әділ­ше Бәхрам жалайыр – Темірдің Қамар-ад-динге қарсы жіберген адамы, кейін өзіне қарсы шығып кеткен) Әділшені Ақсүмбеде ұстап, сол жерде басын кеседі. Ақсүмбе осы жерден Дешті Қыпшақ жағын бақылайтын Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сора­йып тұрған мұнара», деп жазады. «Зафарнамада» әйгілі Әмір Темірдің Ақсүмбеде шатыр тігіп түнегені де айтылған. Сон­­­д­ай-ақ зерттеушілердің еңбе­гін­де кезінде Қаратаудан Ұлы­тау­ға дейін отпен белгі бере­тін Ақсүмбе сынды жеті мұна­ра тұрғызылғаны, солардың іші­нен осы күнге дейін сақталып жет­кені – Ақсүмбе мұнарасы екені айтылады. Тарихи деректерге жүгінсек, ХІІІ ғасырда тұрғы­зылған мұнараның биік­тігі – 25 метр және ені 14 метр болған. Ғасырлар бойы бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүр­гізілмеген оның биіктігі 11 метрге, ені 7 метрге түскен. Жартылай бұзылып, жерге шөгіп кеткен болатын. Облыс әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қау­лысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілгенімен мемлекеттен көмек ала алмаған ауыл тұрғындары мұнараның төрт жағына баған орнатып, темірден қалқан тұрғызбақ болыпты. Бірақ жерді тесіп бұрғылағанда мұнара құлап кетер деп қауіптенген. Сондай-ақ тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін ар­найы төзімділігі берік материал­мен уақытша қаптау жұмыс­тары ұйымдастырылған. Ал бертініректе мұнараны сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілген. Қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құ­жаты да дайындалыпты. Алайда Бюджет кодексіне сәйкес арнайы бағдарламаның жоқтығынан оған жергілікті қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмаған.

Іргесі сөгіліп, жарылып, шөге бастаған мұнараны 2020 жылы айналдыра қоршап, табиғаттың түрлі әсерлерінен қорғау қолға алынған. «Ақбикеш мұнарасы» қоғамдық қорының бастамасымен. Жобасын ұйымдастырушы – «Қазреставрация» ғылыми-зерттеу және жобалау мемлекет­тік мекемесі. Ал қайта қалпына кел­тіру жұмыстарына тапсырыс беруші Мәдениет және спорт министрлігі екен. Ресми деректерге жүгінсек, мұнараның рес­таврациясына министрлік 30 миллион теңге бөлген. Сөйтіп, қайта қалпына келтіру жұмысын «ҚазҚайтаЖаңартудың» қызыл­ордалық филиалы жасаған. Бірақ жергілікті жұрт сапасыз жүргізілген жұмыс салдары­нан тоғыз ғасырдан астам уа­қыт тұрған мұнараның сырт­қы қаптамасы тоғыз айға жет­пей қирап қалғанын айтуда. Ал ауа райы факторы себеп­терін алға тартқан «Қаз­Қай­таЖаңарту» РМК Қызыл­орда филиалының директоры Нұр­болат Мұратбеков орын алған кемшілік жоба авторларымен бірге анықталып, алдағы уақытта қайта қалпына келтіру жұмысы мекеме есебінен жүргі­зілетінін мәлім етті.

Айта кетелік, ауыл тұрғын­дары көтерген мәселеден аудан әкімдігі хабардар. Дегенмен, мұнара еліміздегі 12 мыңнан астам тарихи ескерткіштің арасында республикалық тізімге алынғандары санатына жатады. Яғни мұнараның мүшкіл халіне алаңдаған жергілікті жұрт министрлік қайта қалпына келтіру жұмыстарының сапалы жүргізілгенін қадағалап, тарихи-ескерткіштің мән-маңызын жоғалтпайтынынан үмітті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ