Мұндай жетістікке жету – оқушының, ата-ананың, мұғалімнің және мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі

Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегері атанған елордалық оқушыларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды қалаәкімдігінің ресми сайты.
Салтанатты рәсімге Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев қатысып, оқу жылын сәтті аяқтап, білім мен зияткерлік сайыстарда жоғары жетістікке жеткен оқушыларды құттықтады.
«Бүгін халықаралық және республикалық деңгейде жаратылыстану-ғылыми бағыттағы білім жарыстарында жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Ғылыми жобалары үздік деп танылғандар мен инженерлік-техникалық бағытта білімін жоғары деңгейде дәлелдеген жастар, бүгінгі білімге қосқан зор үлестеріңіз арқылы ертең мемлекет пен қоғамға да пайда әкелетініңізге сенімдімін», – деді ол.
Жыл сайын елордалық оқушылар командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаларда командалық есепте бірінші орын алып, «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болып келеді.
Дәстүрге айналған бұл шараның тең ұйымдастырушысы – дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі «Астана дарыны» орталығы.
«Бүгін марапатталған балалар өз саласында терең білімге ие. Олардың болашағы зор деп ойлаймын, өйткені олар 5-6 сыныптан бастап күнделікті өз-өзін дамыту жолында еңбектеніп келеді, олимпиадаларға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып жүр. Мұндай жетістікке жету – оқушының, ата-ананың, мұғалімнің және мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі», – деді «Астана дарыны» орталығы директорының орынбасары.
Марапатталған оқушылар арасында бұл шараға бірнеше рет қатысқан дарынды жастар аз емес. Мәселен, БИЛ-дің (ұлдарға арналған) 12-сынып оқушысы Әмір Пішімбаев 6-сыныптан бері физикадан барлық олимпиадада жеңімпаз атанып келеді. Ол болашақта әлемдегі ең беделді университеттердің біріне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде оған бірнеше шетелдік жоғары оқу орнынан шақырту түскен.
«Білімнің күшіне сенетін барша жанға үндеу жолдай отырып, бізге мақсатымызға жету жолында бастау алаңын ұсынған елордамыздың мектептеріне және мемлекетімізге алғысымды білдіремін. Сіздер барлық бастамамызды, жетістіктерімізді қолдап келдіңіздер, біз болашағына сеніммен қарай алатын елде өмір сүріп жатқанымызға мақтанамыз», – деді өз сөзінде Әмір.