Мұстафа Шоқай мұрасы

0
178

Астанадағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназия жақында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Мектеп-гимназия директоры Данара Джумартованың бастамасымен өткізілген шара әлемдік деңгейдегі саяси тұлға және түркі халықтары азаттық қоз­ғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың тарихи тұл­ғасына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, оның мағы­на­лы өмірі мен сан салалы саяси қызметін жас ұрпаққа кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференцияға Түркиядан тарих ғылымының докторы, Мимар Синана көркем­өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара Zoom жүйесі арқылы қатысып, салмақты баян­дама жасады. Көп жылғы уақытын Мұстафа Шоқай өмірін зерттеуге бағыттап келе жатқан ғалым ел тәуелсіздігі жолында құрбан бол­ған арыстарымызға, ұлы тұлға­ларға тиісті баға берілмей келе жатқанын тілге тиек етті. Бұрынғы идеологиялық таным-түсініктен арылу қажет екенін, арыстары­мыз­ға саяси баға беруде тәуелсіз­дік мұратын басшылыққа алу керегін ортаға салды. Шоқайдың саяси күресінің басты мақсаты – Түркістандағы кеңес билігінің орнына тәуелсіз ұлттық басқару жү­йе­сін орнықтыру болғанын нақ­ты деректермен дәлелдеп бер­ді.

 

Осы орайда Мұстафа Шо­қайға қарсы кеңестік үгіт-насихат 1968 жылға дейін өте күшті ұйымдастырылғанын айт­ты. Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы Шоқайды шен-шекпен үшін елін сатқан адам ретінде көрсетті. Бұл кітап бірнеше тілге аударылып, көп тиражбен тара­тыл­ған. Ғалым неміс нацистері­мен Шоқайдың қатыстылығын анықтайтын бірде-бір құжат тіркелмегенін еске салды. Аталған кітапта шындыққа сәйкес кел­мей­тін, көбіне ойдан шығарылған деректер кездеседі. 1942 жылы Мұстафа Шоқайды тірі болған деп көрсетеді. Ал Шоқай болса, 1941 жылы 27 желтоқсанда белгі­сіз жағдайда көз жұмған. «Кеңес­тер билігіне ашық қарсы күрескен Мұстафа өлімі де күдікті», – дейді ғалым. Ол Польшадағы Ченстохан лагерінен Парижге қайтып бара жатқанда жолай Берлинде бірден ауырып қайтыс болады. Мұны Кеңес үкіметі «жұқпалы ауру салдарынан қайтыс болды» десе, Шоқайдың зайыбы Мария мен өзге де жақын жолдастары әлде­кімдер у беріп өлтірді деген уәж айтады…

конференция

Түркиялық ғалым Мұстафа Шоқай мен Алаш жетек­ші­лері арасында елеулі көзқарас айырмашылығы болмағанын айтады. Тіпті, Мұстафа Шоқайды Алаш қозғалысының соңғы жетекшісі ретінде бағалауға болады деген тұжырым жасайды. Алаш туын шетелде көтерді деген байламға тоқтайды. Мұстафа Шоқайдың Еуропа елдерінде ұстанған басты екі мақсаты болған. Бірі – қазақ елінің азаттық алуы, екіншісі – біртұтас Түркістанды құру идеясы. Алаш көсемдері бастапқыда автономия құруды қызу жақтады. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне 1917 жылы қазан айында жазған мақаласында «Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу – өз алды мемлекет болу. Мем­ле­кет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы бол­са, Түркістан халқының қараңғы­лығы һәм шебер адамының жоғы бізден он есе артық» деп жазған. Алайда уақыт өте келе Әлихан Бөкейхан көзқарасы жұмсара бастайды. «Алашорда өз алдына автономия жариялап болып, Түркістан автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғыз­дары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге шешім қабылдайды» деген үлкен үмітін жаряилаған. Өкініш­ке қарай, бұл бірігу шарасы жүзеге аспай қалды.

Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­орда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкір Мұста­фа Шоқайдың саяси қайраткер болып қалыптасуына ең алдымен оның өскен ортасы, отбасындағы тәрбиесі ықпал еткенін ортаға салды. 1933 жылы Мұстафа Шо­қай «Ресейдегі түрік студенттері өмірінен» деп аталатын мақала­сында «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей по­ли­ция­ның бақылауына алын­ған 1910-1914 жылдары Петер­бург­те оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қара­мас­тан, біз, студенттер, саяси ойкөрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабыл­дап, көшелерде демонстрация жасайтынбыз» деп жазған.

шара

Алаштанушы ғалым, Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу инсти­туты­ның ғылыми қызметкері Ел­дос Тоқтарбай ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әдебиеттегі Түркістан мүддесі туралы айта келіп, Мұстафа Шоқай мұрасын терең­дете зерттеу қажеттігіне тоқталды. Конференцияда ҚР дип­ломатия­лық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, «Әлем» француз-қа­зақ қауымдастығының вице-пре­зиденті Майра Иска­кова, тарих ғы­лы­мы­ның кандида­ты, Қызыл­орда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мекте­бінің директоры А. Мұсабаева, ақын Қазыбек Иса, Астана қала­сын­дағы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің бас­шы­сы Ғазиза Исахан, халық­ара­лық әдеби агент, Еуразиялық шы­ғармашылық гильдиясы ақыл­дас­тар кеңесінің мүшесі Бақтыгүл Маханбетова, тележурналист, Мұстафа Шоқай­дың ұрпағы Гүлбаршын Зайырова, №51 мек­теп-гимназияның Мұс­тафа Шо­қай атындағы музейінің жетекшісі Салтанат Сексембаева, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Білім беру ісінің құр­метті қызметкері Роза Есен­баева Қор­қыт ата университетінің «Мұстафа Шоқай» ғылыми орта­лы­ғының жетекшісі Сағат Тайман және басқа да мұстафатанушы ғалым­дар мен ұстаздар қауымы өз баян­дамаларында тарихи тұлға­ның өмірі мен саяси қызметін жан-жақты ашып көрсетті.

Назым СЕЙТОВА,
Мұстафа Шоқай атындағы
№51 мектеп-гимназия мұғалімі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ