Мәжіліс депутаты киік мүйізіне қатысты сотталғандардың мәселесін көтерді
— Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Абзал Құспан киік мүйізіне қатысты істі болған адамдардың мәселесін көтерді.
«Киіктің дериваттары үшін көрінеу заңсыз, әділетсіз сотталып жатқан ауыл азаматтарының жағдайын айтқым келіп отыр. Киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар — аң атуды кәсіп қылған браконьерлер емес немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар емес, қарапайым ауыл тұрғындары. Оларды әділетсіз сотталды деуіме нақты дәлел ретінде оқып танысқан жүзден астам сот актісі бар. Киікті атпаған, бірақ оның мүйізін сатқан (жинаған, сақтаған, тасымалдаған) адамдарды қоршаған ортаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге залал келтірді деп, жаппай соттау практикасы 2021 жылдың тамыз айынан басталды. Оған негіз — Жоғарғы Соттың сол кездегі қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болған Абдрашит Жүкеновтің облыстық сот басшыларына жолдаған нұсқау-хаты. Хат қылмыстық кодекстің 339-бабын түсіндіру/разьяснение деп аталғанымен, мәні бойынша тікелей нұсқау формасында рәсімделген. Ол хаттың жазылуына өз кезегінде сол кездегі Бас прокурор Ғизат Нұрдіулетовтің ақпараты негіз болған», – деді Абзал Құспан ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, осының салдарынан, киікті атуға қатысы жоқ азаматтар бұрын қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен сотталып келсе, 2021 жылдың тамыз айынан бастап олардың әрекеті сол баптың 3-бөлігімен дәрежеленіп, мойындарына жүздеген миллионнан бірнеше миллиардтаған сомаға айыппұлдар салынып, нақты бас бостандығынан айыруға сотталып жатыр.
«Бұл жерде мен зерделеген сот актілеріндегі негізгі қателік — ол кез келген қылмыстық іске қатысты қолданылатын басты принцип — қылмыстық әрекет пен одан келген залалдың арасындағы себеп-салдарлық байланыстың анықталмауы. Барлық жағдайда іс бір сценариймен жүреді, яғни киіктің мүйіздері табылады, іс қозғалып, Үкімет тарапынан экология министрлігінің уәкілетті комитеті арқылы киіктің құны шығарылады (бір киік 2,5 млн). Ал тергеу органдары мен сот азаматты киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін соттайды. Ол киіктің өлу себебі анықтамайды. Одан басқа, сот сол киіктің мүйіздерін бір тиындық құны жоқтығы себепті, қажеті болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ», — деді депутат.
Бұл тұрғыда ол жаз кезінде осы жағдайлармен сотталған азаматтардың туыстарымен жүздесіп, БҚО адвокаттар алқасында жиналыс өткізгенін айтты.
«Бәрінің айтатыны — Жоғарғы соттан келген нұсқау хат. Павлодар қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кездестім. Ол жерде 58 азамат отыр, әрқайсысының мойнында мына ғұмырларында өтеп бола алмайтын залал бар, осының салдарынан көптеген отбасылар ажырасып жатыр. Ең сорақысы, іштерінде бірде-бір браконьер жоқ», — деді ол.
Осы орайда А. Құспан Бас прокурор тарапынан бұған дейін Жоғарғы сотқа жолданған ақпаратты кері қайтаруды сұрады.
«Екіншіден, Жоғарғы соттың облыстық сот төрағаларына жолдаған 2021 жылғы тамыздағы нұсқау-хаттың күшін жою керек. Үшіншіден, Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 3-бөлігімен шыққан сот Үкімдеріне талдау жүргізіп, наразылық беруді сұраймын», — деді депутат.