Мәжіліс мопедке және велосипедке қатысты жаңа талаптарды қамтыған заңды қабылдады
– Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
«Құжаттарды талқылау барысында Парламент Мәжілісінде тиісті нақтылаулар енгізілді. Мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданғаннан соң 6 айдан кейін басталады. Жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Қозғалтқышы бар велосипед ұғымы нақтыланды. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тайым салынады», – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, аталған заң аясында көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі.
«Көлік құралының габариттері мен салмағы бөлігінде жолдардағы цифрлық жүйелермен ереже бұзуды автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгеріп жатыр. Сонымен қатар, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілерін оқытуға қатысты бірқатар қосымша талап енгізіледі. Осы және басқа да бірқатар ұсыныстар редакцияны жақсартады және заң жобасының мазмұнын толықтырады», – деді депутат.
Еске салсақ, бұл заң жобалары Мәжілісте биыл 17 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданған еді.
Заң жобаларында:
– қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу;
– мопед жүргізушіне қойылатын талаптарды белгілеу;
– жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;
– жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды.