Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында он бірінші мектеп ашылды

0
9

Бүгін, 22 қазанда Республика күні қарсаңында Мұнайлы ауданының Айрақты елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №21 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – Маңғыстау облысында аталған бағдарлама бойынша пайдалануға берілген он бірінші мектеп.

Жаңа білім ордасы 900 оқушыға арналған. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи мектептердің ашылуы қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, балалардың әлеуетін ашуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі мектептің ашылуы – Мұнайлы ауданы тұрғындары үшін үлкен қуаныш әрі өңірдің әлеуметтік дамуына қосылған елеулі үлес», – деді облыс әкімі.

Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрден асатын заманауи мектепте 45 оқу кабинеті бар. Олардың қатарында дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй мәдениеті, робототехника, STEM және музыка кабинеттері қамтылған. Білім ордасы оқушылардың жан-жақты дамуына және шығармашылық қабілеттерін ашуға қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті және арнайы жеделсаты орнатылған.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимарат толықтай бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, аумағында ойын және спорт алаңдары салынған.

Айта кетейік, бұған дейін өңірде ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында 9 мыңнан астам оқушыға арналған 10 мектеп ашылған болатын. Биылғы жылдың соңына дейін Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында тағы екі жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ