Маңызды бағыттардың бірі — Иранға астық дақылдарын жеткізуді кеңейту

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукармен кездесу өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, ауылшаруашылық өнімдерінің өзара жеткізілімдерін кеңейту үшін мүмкін болатын қадамдарды анықтады.
Айдарбек Сапаров Қазақстан мен Иран арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы бойынша оң динамиканы атап өтті. 2025 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы АӨК өнімдері саудасының көлемі 72,4 миллион АҚШ долларын құрады, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 147,9%-ға артық. Қазақстаннан жеткізілетін негізгі тауарлар арасында арпа, күнбағыс күнжарасы, ұсақ және ірі қара мал еті, өсімдік майлары, жүгері, көкөністер мен бұршақ дақылдары бар.
«Біздің міндетіміз — ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты сауданы арттыруды жалғастыру. Маңызды бағыттардың бірі — Иранға астық дақылдарын жеткізуді кеңейту. Соңғы 10 жылда Қазақстан сіздердің нарыққа 9 миллион тоннадан астам астық, оның ішінде бидай мен арпа экспорттады. Біз бидай экспортын жылына 2 миллион тоннаға дейін, ал арпа экспортын 1 миллион тоннаға дейін арттыруға дайынбыз», — деп атап өтті министр.
Иран елшісі, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өзара жеткізілімдерді белсендендіруге қызығушылық білдірді.
«Біз Қазақстанмен өзара іс-қимылды тереңдетуге, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуге ұмтыламыз. Өнім жеткізілімдерін кеңейту, астық импортын арттыру және бірлескен кәсіпорындар құру — бұл біздің ел үшін басым міндеттер», — деп мәлімдеді Али Акбар Джоукар.
Айдарбек Сапаров барлық ұсынылған бастамаларды қолдауға дайын екендігін растады.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы жұмыс тобы аясында серіктестікті нығайтуды жалғастыру туралы келісімге келді.