Мемлекет басшысы Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорымен кездесті

0
86
Фото: Ақорда

 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеалаға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Сіздің басшылығыңызбен көпжақты халықаралық сауда жүйесі қазіргі кедергілерді жоюға және тең жағдай жасауға бағытталған үлкен трансформациядан өтетініне сенімдіміз. Сіздің Алматыға сапарыңыздың маңызы зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тығыз ынтымақтастығымыз үшін өзіңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Ұйымға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету – Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Аталған жиын барысында ДСҰ мүшелері ұйымды реформалау туралы маңызды шешімдер қабылдай алды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, күшейіп келе жатқан жаһандық протекционизм мен сауда шектеулеріне қарамастан, Қазақстан экономикасы ашық ел ретінде өз позициясын нығайта түсуге ұмтылады. Қазіргі кезде біз әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасаймыз. Соңғы үш жылда еліміздің сыртқы саудасының көлемі 53 пайызға ұлғайып, 160 миллиард долларға жетті.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорымен кездесті
Фото: Ақорда

Президент жуырда Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын жеткізді. Бұл құжат әділ бәсекені күшейтуге, кәсіпкерлік еркіндікті сақтауға және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға бағытталған.

Өз кезегінде Нгози Оконджо-Ивеала ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясының төрағасы ретінде халықаралық сауда саласындағы маңызды шешімдерді қабылдауға Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалады.

Президент осы күндері Алматыда өтіп жатқан Орталық Азияның сауда саясаты жөніндегі Екінші форумының өңірдегі экономикалық ынтымақтастық пен сауда-саттықты ілгерілету, сондай-ақ көршілес елдерді көпжақты сауда жүйесіне интеграциялау тұрғысынан мәні зор екеніне назар аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланың көпжақты сауда жүйесін және Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлін нығайту ісіне қосқан үлесін Қазақстан тарапы жоғары бағалайтынын атап өтіп, оны ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ