Мемлекеттік бағдарламадан ұрланған 105 млн теңгеге қымбат үйлер алған шенеунік сотталды

0
101
Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік бағдарламадан ұрланған 105 млн теңгеге қымбат үйлер сатып алған шенеунікке сот үкімі шықты, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

ҚМА мәліметінше, Мәдениет және спорт министрлігі мұрағат Істері және құжаттама комитеті төрағасының орынбасары, IT-компанияның директоры «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама аясында ақпараттық жүйені әзірлеуге бөлінген 105 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды.

Қаражатты жымқыру “құжаттардың бірыңғай электрондық мұрағаты” ақпараттық жүйесін техникалық сүйемелдеуге бюджет ақшасын бөлу және аудару арқылы, компьютерлік технология саласындағы терминологияны қолданып, орындалған жұмысты қайта іске қосу арқылы жүргізілген. Техникалық тапсырманы мердігердің өзі әзірлеп, пайдалануға енгізді және кепілді техникалық сүйемелдеу бойынша міндеттемені қабылдаған.

Алайда комитет басшылығы орындалған жұмысқа бюджет қаражатын бөліп, оны орындалған жұмыстардың жалған актілері бойынша ақпараттық жүйенің әзірлеушісіне қайта аударған. Ұрланған ақша қаражаты қылмыстық шығу тегін жасыру және заңды айналымға енгізу үшін сенімді тұлғаларға рәсімделген қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға бағытталды, – деп жазылған хабарламада.

Сотта айыпталушылардың кінәсі дәлелденді.

Сотталушылардан келтірілген залал сомасы өндіріліп, әрқайсысына 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұрынғы мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына және мемлекеттік наградалардан айырылды. Мердігер компанияның басшысы 7 жылға коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – деп жазылған хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ