Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды
– Аталған Жарлық Президенттің биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді. Бұл құжат бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Біріншіден, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің критерийлерін әзірлеуді және олардың тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз ететін Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құру көзделген.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқарудың дербестігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ олар жүзеге асыратын сатып алу процестерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған.
Үшіншіден, тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін бірқатар нақты шараны іске асыру көзделіп отыр.
Төртіншіден, бизнес ашу және жүргізу үшін реттеу саясатын одан әрі жетілдіру және рәсімдерді ырықтандыру шаралары ұсынылады. Осылайша, тұтынушылардың квазимемлекеттік ұйымдар көрсететін коммерциялық қызметтерге қолжетімділігін, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру (цифрландыру) көзделеді.
Қазақстандық стандарттар бойынша міндетті түрде жобалау-сметалық құжаттама әзірлемей, объектілерді салу үшін озық халықаралық стандарттарға сай келетін жобаларды пайдалануға мүмкіндік беру тапсырылады.
Бесіншіден, Жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок ретінде берілген.
Жарлықтың жүзеге асырылуы экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді.