Мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады

0
10

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Ағымдағы жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ бірқатар өңірлердің әкімдері баяндады.

2025 жылы 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқаптары шамамен 16,6 млн гектарды құрайды (2024 жылы – 16,7 млн га). Майлы дақылдардың ауданы 365 мың гектарға артып, 3,3 млн гектарға жетеді, оның ішінде күнбағыс дақылдары 50,6 мың гектарға өсіп, 1,3 млн гектарға дейін жетеді. Сондай-ақ картоп алқабын 14,9 мың гектарға ұлғайтып, аумақты 136,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, ал қарақұмық дақылдары 41,5 мың гектарға артып, 147 мың гектарды құрайды. 2025 жылы қант қызылшасының ауданы 18,4 мың гектарды құрайды. Жемшөп дақылдарының ауданы 184 мың гектарға ұлғайып, 3,4 млн гектарға жетеді. Мақта дақылдары 135,2 мың гектарды, ал күріш – 90,2 мың гектарды құрайды.

Биыл көктемгі-дала жұмыстарын ЖЖМ қамтамасыз ету үшін (МӨЗ-де өндіріс көлемін ескере отырып) 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын тиеп жөнелту бойынша МӨЗ-ге облыстарды бекіту кестесі бекітілді, сондай-ақ межелі стансаға дейін литріне 232 теңге мөлшерінде  баға белгіленді.

Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының түпкілікті құны литріне 254 теңгені құрайды, бұл жанармай құю стансаларында литріне 295-300 теңгені құрайтын нарықтық бағадан 13-15%-ға төмен.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров олардың өңірінде дала жұмыстарына кіріскенін хабарлады. Сондай-ақ Ақмола облысында, өңір әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, биыл картоп алаңын 352 гектарға ұлғайту жоспарлануда, ал жалпы картоп отырғызу 8,9 мың гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артық.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы аграрлық секторды экономикалық өсудің флагмандарының бірі ретінде дамытуға ерекше назар аударатынын еске салды. Премьер-министр өз баяндамасында экспортқа шығатын және нарықта сұраныс жоғары, көбірек табыс әкелетін дақылдардық алқаптарын кеңейтуге басымдық беру қажет екеніне баса назар аударды.

Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді. Сондай-ақ жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді.

Олжас Бектенов бұл шаралардың барлығы егіс науқанын ойдағыдай өткізуге бағытталғанын баса айтты.

«Мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Жұмыстарды нәтижелі әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі әрі жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға бағыттауы керек», — деп атап көрсетті Премьер-министр.

Бұл ретте ол бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы    әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс екенін ескертті.

Сонымен қатар оның айтуынша, егіншілерді сапалы және тексеруден өткен тұқым қорымен қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін бірінші кезекте, отандық өндірушілерді ынталандыру қажет.  Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарында агротехнологияларды қатаң сақтап, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын уақтылы қолдану керек.

Қазақстанда тыңайтқыштар енгізу жоспары ғылыми негізделген норманың тек 59%-ын, ал ауыл шаруашылығы техникасының техникалық дайындығы – 75%-ды құрайды. Олжас Бектенов жаппай егін егу  жұмыстары басталғанға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізіу қажет екенін атап өтті.

Премьер-министр отырыс барысында министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырмалар берді:

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, егіншілерді тиімді мемлекеттік қолдау мақсатында несие мен субсидия беру рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету шараларын қабылдасын.
  • Энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдері арзандатылған отынның тиісті көлемін жеткізуді бақылауда ұстасын. Әкімдіктер бір апта мерзімде өңірлік операторлар бойынша толық деректерді берсін. Шаруаларға тиесілі отынның сатылып кетуіне жол беретін компаниялар мен жеке тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырамын.
  • Су ресурстары министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірге фермерлерді суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Әкімдіктер қар тоқтату және су қорын жинау жұмыстарын жүргізуі қажет.

Сондай-ақ Премьер-министр көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ