Мемлекеттік сатып алуды реформалау жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асыру: отандық тауар өндірушілерімен жасалған келісімшарттар көлемі 23%-ға артты

0
7

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту міндетін қойды. Осы тапсырма шеңберінде 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылданды. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қабылданған шаралар нарық қатысушылары үшін де, жалпы жүйе үшін де айтарлықтай нәтиже көрсете бастағанын айтты. Заң тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілер үшін ашық әрі бәсекеге қабілетті жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты.

Оның айтуынша, реформаның басты нәтижесі сатып алу рәсімдерінің мерзімін түбегейлі қысқарту және артық бюрократиялық кедергілерді жою болды.

«Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң күшіне енді. Бұл заң сатып алу рәсімдерін жеделдету, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ сатып алу процестерін одан әрі автоматтандыру бағытында маңызды бетбұрыс болды», — деп атап өтті ол.

Реформаның басты элементі – рейтингтік-балдық жүйе қолданылатын конкурстық рәсім, онда шешімдер адам қатысуынсыз, автоматты түрде, ЖИ элементтерін пайдалану арқылы қабылданады.

«Қорытындылар бес күн ішінде шығарылады. Рейтингтік-балдық жүйенің негізгі критерийлері: жұмыс тәжірибесі, компанияның қаржылық тұрақтылық көрсеткіші, белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікке тиесілігі және т.б. Салыстыру үшін айтсақ, бұл заң қабылданғанға дейін конкурстық рәсімдер кемінде 60 күнге созылса, рейтингтік-балдық жүйе енгізілгеннен кейін бұл рәсімдер орта есеппен 5 күнде аяқталады. Рейтингтік-балдық жүйе қолданылмаған жағдайда, әдеттегі конкурстар 10 жұмыс күніне дейін созылады», — деп атап өтті Дәурен Кеңбейіл.

Рейтингтік-балдық жүйені қолдану тәжірибесі өңірлік деңгейде өз нәтижесін көрсете бастады, мысалы:

  • Ақмола облысында 6 жұмыс күні ішінде құны 1,8 млрд теңге болатын спорт кешенінің құрылысына қатысты мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз анықталып, мердігер ретінде Көкшетау қаласындағы жергілікті «Строй БК» ЖШС танылды.
  • Ұлытау облысында 5 жұмыс күні ішінде құны 1,1 млрд теңге болатын жалпы білім беретін мектеп құрылысы бойынша конкурс жеңімпазы анықталып, мердігер болып Жезқазған қаласындағы өңірлік «Астана Премиум Строй» ЖШС белгіленді

Осылайша, вице-министр атап өткендей, жаңа заң бірқатар бюрократиялық рәсімдерді алып тастауға, сатып алуларды жеңілдетуге және мерзімдерді едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар реформа отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталды. Заңда қазақстандық компанияларды қамтамасыз етудің барлық түрінен босату, айыппұл санкцияларын азайту, тауар жеткізудің ең минималды мерзімін 15 күннен 60 күнтізбелік күнге дейін ұзарту, сондай-ақ төлем мерзімін 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарту қарастырылған.

Нысандарды салуда EPC және EPC-F келісімшарттары түріндегі жаңа құралдар енгізілді, бұл сатып алу процесін және жалпы құрылыс жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік берді. Бюрократиялық рәсімдердің қысқартылуы айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң отандық компаниялар үшін маңызды преференцияларды бекітті. Соның арқасында қазақстандық өндірушілерге келісімшарттар жасасу кезінде басымдық беру құқығы, шарт сомасының 50% көлемінде міндетті аванс төлеу, сондай-ақ банктік кепілдіктер ұсынудан босату және айыппұл санкциялары бойынша жеңілдетілген талаптар қарастырылған.

«Бұл шаралар отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған. Аталған шаралар өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттар санын едәуір арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасын ұлғайтуға мүмкіндік берді», — деп түсіндірді вице-министр

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 2024 жылмен салыстырғанда 23%-ға өсіп, 460 млрд теңгеге жетті. Мұндай өсім мақсатты мемлекеттік қолдаудың жергілікті өнімге деген сұранысты ынталандырып, қазақстандық компаниялар үшін тапсырыстар көлемін тікелей арттырып отырғанын айқын көрсетеді.

Мемлекеттік сатып алудағы реформа нарықты алақол қатысушылардан тазарту жолындағы маңызды қадам болды. Оның негізгі мақсаты – барлық компания үшін тең және ашық жағдай қалыптастыру, яғни құжаттармен айла-шарғы жасайтын немесе күмәнді беделге ие тұлғалар емес, сапасы мен бағасы тиімді ұсыныс берген қатысушылардың жеңіске жетуін қамтамасыз ету. Ең алдымен, мердігерлердің жұмыс тәжірибесін растауға қойылатын талаптар күшейтілді. Жалған немесе бұрыс мәліметтерді іріктеп алып тастауға мүмкіндік беретін қатаң тексеру критерийлері енгізілді.

Реформаның маңызды элементтерінің бірі – нарық қатысушыларының жауапкершілігін күшейту. Заңға сәйкес сенімсіз жеткізушілерге қатысты автоматты санкциялар енгізілді. Бұған дейін жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген компаниялар жаңа өтінімдер берген кезде конкурстық бағалау барысында автоматты түрде ұпай жоғалтатын.

Осылайша, жүйе адал емес қатысушыларға қатысты қосарланған тосқауыл қалыптастырды: бір жағынан, жалған мәлімет ұсыну мүмкіндігі күрделенді, екінші жағынан – жол берілген заңбұзушылықтар үшін тұрақты қаржылық және іскерлік беделге қатысты жауапкершілік енгізілді.

«Реформа мемлекеттік сатып алу саласындағы адал емес қатысушыларға қосарланған тосқауыл қалыптастырды. Бір жағынан, жалған мәлімет ұсыну мүмкіндігі күрделене түсті, екінші жағынан, бұған дейін заңбұзушылыққа жол берген тұлғалар үшін тұрақты қаржылық жауапкершілік енгізілді. Осылайша мемлекеттік сатып алуға жауапты қатысу мәдениеті қалыптасып, онда іскерлік бедел мен адалдық мемлекеттік сатып алуға қатысудың негізгі факторына айналуда», — деп атап өтті Дәурен Кеңбейіл.

Сенімді арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алуға қоғамдық мониторинг енгізіліп, барлық рәсім жаңа Бірыңғай сатып алу платформасына шоғырландырылды. Шағымдану тәртібі жеңілдетілді, осы ретте шағым беру сатып алу процесін тоқтатпайды. Бұл шаралар шағымдардың жалпы санын 23%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ