Музыкалық аспап шеберлері – ұлттық өнердің тірегі, тірі тамыры, ұлттық дыбыстың сақшылары, мәдени-рухани қауіпсіздіктің кепілі

0
33

Депутаттың айтуынша, музыкалық аспап шеберлерінің түйткілді мәселелері көп. Өрісті өнеріміз бен ұлттық мұрамыздың ғасырдан-ғасырға он саусағынан өнер тамған шеберлер арқылы жалғасып жеткені мәлім. Бүгін солардың арасында музыкалық аспап шеберлерінің мәселесіне тоқталмақпыз.

Өткенге үңілсек, музыкалық аспап шеберлері ұлттық мұраны сақтаушы әрі зерттеуші ретінде мойындалып, жаңа аспап үлгілерін жасауға, акустика және музыкалық археология сияқты ғылыми салалардың дамуына үлес қосты. Қолөнер дәстүрі мен академиялық ғылымды тоғыстырған орталықтар мен зертханаларда тәжірибелер жүргізіліп, көне аспаптар қалпына келтірілді. Шеберханалар мен зертханалар, домбыра жасайтын фабрикалар ашылды. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңде бұл өндіріс ошақтары жабылып қалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен домбыра күні енгізілді, ол елімізде кеңінен аталып, «нағыз қазақ – домбыра» дейтін халқымыз ұлттық аспапқа айрықша құрмет көрсете бастады. Керемет күйшілер мен әйгілі әншілер түрлі жоғары марапаттарға ие болуда. Әйтсе де, домбыра жасаушылар мемлекет назарынан тыс қалып келеді. Мәселен, біз Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Әбікен Хасеновті білеміз, ал солардың ғажап домбырасын жасаған, «қазақтың Страдивариі» атанған Қамар Қасымовты ұмыттық. Сол сияқты, Нұрғиса Тілендиев пен Секен Тұрысбековтің шанағынан күй күмбірлеген керемет домбырасын жасаған ағайынды Романенколарды немесе ұлттық аспаптарды қайта жаңғыртқан Болат Сарыбаевты былайғы жұрт біле бермейді.

Соңғы 30 жылда шебердің қоғамдағы орны энтузиастың рөліне алмасты. Олардың басым бөлігі жеке шеберханаларда, көбіне таза ықылас пен кәсіби ар-намысқа сүйеніп еңбек етеді. «Шебердің қолы алтын» деген жақсы сөз бар. Жолаушы Тұрдығұлов, Нарбек Оханов, Қанат Қазақбаев, Сұлтан Мусаев, Мейірбек Ділманов, Ердос Рахымбек және өзге де ондаған шебердің маңдай тері – ұлттық музыка индустриясының көзге көрінбейтін, бірақ шешуші іргетасы болып саналады.

Қазіргі халық әртістері мен танымал өнер майталмандарының қолындағы аспаптар – шебердің қолтаңбасы. Жеке орындаушылар, филармониялар, этно-ансамбльдер мен оркестрлер – бәрі шебердің еңбегіне сүйенеді. Алайда олар «қолөнерші» деген кең категорияның көлеңкесінде қалып, марапат пен қолдаудан тыс қалып келеді, көбінде тіпті төсбелгі де жоқ.

Әрине, шеберлік – тек ағаш өңдеу емес, ол – ғылыми-эксперименттік процесс. Сондықтан шеберлер лабораториялық жұмыс атқарады, көне үлгілерді жаңғыртады; реконструкцияны ғылыми дәлдікпен, модернизацияны өнер талғамымен үйлестіреді.

Соңғы жылдары Президент тапсырмасына сәйкес, мектептерде домбыра пәні оқытыла бастады. Жастар арасында домбыра тарту жақсы үрдіске айналып келеді. Олардың ұлттық аспапқа деген қызығушылығын төмендетіп алмау үшін оқу орындарындағы домбыра сапасына мән беру керектігі белгілі. Бұл ретте мәселе жеткілікті. Тендер ұтып алғандар көрші елдерде жасалған сапасы сын көтермейтін арзан домбыраларды өткізеді. Оны сарапшылар бақыламайды, стандарты бекітілмеген. Сонда біз «ұлттық брендіміз» деп жүрген домбыраны да шеттен әкелеміз бе?

Өкінішке қарай, ұлттық аспабымызға балық аулайтын арзанқол қармақ жіп тағып, бабадан жеткен ежелгі дәстүрден қол үзіп қала жаздадық. Бүгінгі буын шеберлікке ерекше ықылас танытып отыр: дәстүрлі ішектерді қайта жандандыру үдерісі қарқын алды. Бұл – өтпелі қызығушылық емес, тұрақты үрдіс. Ендеше осы жаппай серпілісті институционалдық арнаға бұрып, ерекше мәртебемен бекіту қажет. Бұл тұрғыдан алғанда музыкалық аспап шеберлері – ұлттық өнердің тірегі, тірі тамыры, ұлттық дыбыстың сақшылары, мәдени-рухани қауіпсіздіктің кепілі. Олар – ұрпақ жадында сақталған қоңыр үнді қайта тірілтетін, әуезді дыбысты атадан балаға жалғайтын ерекше жандар. Шеберлік жетімсіреген ортада музыкалық мәдениет баяулап, төл табиғи үнімізді жоғалтамыз, орнына жансыз көшірме келеді. Сондықтан шеберлікке айрықша құрмет, бастысы – нақты қолдау керек. Өйткені шебердің қолы – елдің үні. Сол үннің үзілмеуі – бәріміздің ортақ борышымыз.

Осыған байланысты Үкіметке төмендегідей ұсыныстар айтамыз:

1. «Музыкалық аспап шебері, ұста» сияқты ұлттық кәсіби мәртебе енгізу;

2. Шеберхана-зертханаларды жаңғырту, аспаптанумен айналысатын зерттеу орталығын ашу;

3. Ұлттық регистр, аспапқа арналған акустикалық паспорт, материал-өңдеу стандартын, реставрация кодексі, сертификаттау жүйесін енгізу;

4. Арнайы музыкалық аспап шебері мамандығын ашу;

5. Ұстаз бен шәкірт шеберлерді гранттық тұрғыда қолдау;

6. Ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу;

7. Салық жеңілдіктерін қарастыру;

8. Арнайы ведомстволық марапат енгізу;

9. Қамар Қасымов атындағы Республикалық музыкалық шеберлер конкурсын өткізу;

10. Шеберлерді, олардың еңбектерін ақпараттық тұрғыда насихаттау.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ