Нұржан Байжігітов: «Негізгі мақсатым – ұлтымыздың мәдени мұрасын қазіргі нарықта ұлттық трендке айналдыру»

0
264

Қызылордалық Нұржан Байжігітов 6 жылдай уақыт бойы қазақы нақыштағы кәдесыйларды шығарумен айналысуда.  Кәсібін баласына ұлттық нақыштағы бұйымдарды іздеп, таппағандықтан өз қолымен жасауға бел буған шебер бүгінде – елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне сатылатын танымал кәдесыйлар дүкенінің иесі.

 

Өзім және отбасым туралы

Мен, Байжігітов Нұржан Қалдыбайұлы, Қызылорда қаласының тумасымын. 1991 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1999 жылы 9-шы сыныптан кейін Қызылорда аграрлы-техникалық колледжінің политехникалық бөліміне «есептеуіш технологиялар, кешендер, жүйелер мен желілер» мамандығы бойынша оқуға түстім.  2003 жылы       ВМ-29о тобын қызыл дипломмен аяқтап, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетіне «ақпарат пен басқаруды өңдеудің компьютерлік жүйелері» мамандығына сырттай оқуға түстім.

Нет описания фото.

Жұмыс өтілімді 2003 жылы Жаңақорған ауданында «Ынтымақ» ЖШС-ң ақпараттық технологиялар маманы болып бастадым. 2005 жылы өңіріміздің белді мұнай компаниясы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының Ақпараттық технологиялар бөліміне маман болып жұмысқа тұрдым.

2005-2014 жылдар аралығында Microsoft Windows XP, Microsoft Windows Vista, Microsoft Windows 7, Microsoft Windows Server 2003, Microsoft Windows Server 2012, Microsoft Office 2007, пайдаланушыларын қолдау және басқару бойынша оқу курстарын оқып 2006 жылы Microsoft корпорациясына емтихан тапсырып халықаралық «Microsoft Certified Professional» дәрежесін алдым.

Нет описания фото.

2013 жылдан бері «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның Ақпараттық технологиялар бөлімінің жетекші  маманы қызметін атқарудамын.

2013-2015 жылдары Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Мемлекеттік Экономикалық университетінде экономист  мамандығы бойынша қашықтықтан оқыту формасы бойынша білім алдым.

2013 жылдан бастап Ұлыбританияның «Көшбасшылық және менеджмент институтының (ILM)» «Халықаралық менеджмент біліктілігі (IMQ)» бойынша бірнеше оқу курстарын оқып, 2016 жылы «Көшбасшылық және менеджмент саласындағы халықаралық сертификатын» қорғап шықтым. Қазіргі таңда жоғарыда аталған институттың «Көшбасшылық және менеджмент саласындағы диплом» оқуын оқып жатырмын.

Нет описания фото.

«PodarKing» брендінің даму тарихы

2017 жылы Ұлттық және заманауи нақыштағы ағаш бұйымдар өндіру цехін ашып, қазіргі таңда жанұямызбен «PodarKing» брендін қалыптастырудамыз. Көптеген қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық көрме-байқаулар мен мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушысымыз.

Жұбайым  Шаутеева Жанар Махсұтқызымен осы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжінің ВМ-29о тобында бірге оқып, бірге қызыл дипломмен аяқтадық. Қорқыт Ата университетін 2007 жылы қызыл дипломмен аяқтаған Жанар 2017 жылға дейін «БанкЦентрКредит» АҚ-да маман, аға маман қызметін атқарды. 2017 жылы кәсіпкерлікке бет бұрып, жоғарыда айтылған «PodarKing» брендінің директоры қызметінде.

Нет описания фото.

Жанұяда Асылжан, Әділет, Аяулым және Адия есімді 4 бала тәрбиелеудеміз.

2016 жылы ағам Бақытжан Байжігітов екеуміз ұлдарымыз Мұхаммеджан мен Әділетті қазақтың салтымен, ата-ананың басты парызы, сүндетке отырғыздық. Ат шаптырып бәйге бермесек те, тойды қазақы нақышта «Қазақ Хандығы» тақырыбында жасайық деп шештік. Баяғы заманда қазақ хандары бір-біріне хатты былғарыға (теріге) жазғандай – шақыру билеттерін былғарыдан жасауды қалап, тойтабақты (тойбастарды) ұлттық нақышта ағаштан жасағымыз келді. Көптеген жерлерді аралап, өз қиялымыздағы заттар таба алмағандықтан той қажеттіліктерін өзіміз қолдан жасауды дұрыс деп санап, жанұямыздың қолдауымен білек сыбана кірісіп кеттік. Уақыттың тапшылығына байланысты және қазіргі заман – технология заманы болғандықтан, ғаламтор арқылы нарықты зертей отырып, лазерлік әрлеу және кесу құрылғысын сатып алдық. Алайда той уақыты жақындап қалғанда бір жағдайлармен үлкен тойды жасамауды дұрыс деп шешіп, үйде кішігірім құран бағыштап үлкендердің батасын алдық.

Нет описания фото.

Ұлттық ойындарымыз бен дәстүріміз, ою-өрнектеріміздің қазіргі мектеп оқушыларының біле бермейтіндігі бұрыннан қынжылтатын. Араға жарты жылдан аса уақыт салып, «бастапқы идеяларымызды неге іске асырмасқа? Неге өзіміз пайдаланбаған дүниені халыққа бермеске?» – деп ойланып, 2017 жылдың Наурыз айынан бастап келіншегім Жанар мен жиенім Абылайхан үшеуміз үйде тұрған құрылғымен неше түрлі бұйымдар жасай бастадық. Бұл хобби еді. Басында әлеуметтік желілер арқылы өз жұмыстарымызды жарнамаладық. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, сол кезде қаламыздың белсенділері қалалық саябақта HandMade жәрмеңкелер ұйымдастыра бастапты. Солай жәрмеңкелер мен көрмелерде өз өнімдерімізді «PodarKing» деген брендпен халыққа ұсына бастадық. Осылай жыл басы Наурызбен бірге бастаған біздің «PodarKing» атты брендіміз 2017 жылы сүйікті ісімізді насихаттау арқылы құрылды. Негізгі мақсатым – ұлтымыздың баға жетпес байлығын, мәдени мұрасын ұмыт қалдырмай өскелең ұрпаққа дәріптеп, қазіргі нарықта ұлттық трендке айналдыру. 2017 жылдан бері жанұялық хоббиімізбен айналысып, қолөнершілер жәрмеңкелер мен көрмелерге «PodarKing» атты брендімізбен қатысып жүрміз. Жасап жатқан жұмыстарымыз халықтың көңілінен шығып, сұраныстың бар болғаны біздің сүйікті ісімізді кәсіпке айналдыруға бағыт берді.

Нет описания фото.

Біздің мақсаттарымыздың бірі де бірегейі – халыққа ұлттық өнермен қатар экологиялық тұрғыда таза табиғи өнімдер, яғни адам ағзасына зияны тимейтін тұрмыстық заттар, кәдесыйлар мен оқу құралдары, баланың ой-өрісі мен моторикалық  дамуына ықпал ететін әр-түрлі ойыншықтар ұсыну.

Әрбір азамат өзінің қаржылық жағдайын ғана емес, «халқына/еліне қандай қызмет атқара аламын?» – деп ойлауы керек. Осы жоба арқылы әлеуметтік, идеологиялық, рухани тұрғыда халқымызға береріміз көп деп білемін. Аймақтық және республикалық көрмелер мен түрлі сайыстарға қатысып жүрміз. «Экспо 2017» халықаралық көрмесінде де біздің өнімдеріміз сатылымда болды. 2018 Қызылорданың 200 жылдық мерейтойының жақсы өтуіне барнша атсалыстық, облысымыздан «инновациялық грант» жеңіп алып, Республикалық StartUp жобалар сайысына облысымыздың атынан, 2019 жылы Республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқауы аясында қолөнершілер сайысына, «BAIKONUR INVEST» инвестициялық форумына және басқа да көрмелер мен сайыстарға қатыстық. 2020 жылдың ақпан айында қаламыздың нақ ортасы «Орталық алаң» жанынан өзіміздің «PODARKING – ЕРЕКШЕ СЫЙЛЫҚТАР ӘЛЕМІ» деген брендтік дүкенімізді аштық. Бүгінде біздің жасаған бұйымдарымыз еліміздің ғана емес, әлемнің сан-алуан елдері халқының үйлерінің төрінде тұр деп айта аламын.

Қазіргі заман талабына сәйкес осындай бұйымдарды заманауи технологиялар пайдалана отырып, сапасы жоғары етіп жасап, қолжетімді бағада эксклюзивті бұйымдарды Қазақстан және шет елдік қонақтарға ұялмай ұсынудамыз.

Жұмыс істеу барысындағы қиыншылықтар туралы

Қиыншылықтар… әрине кез келген кәсіп жолында болып тұрады. Бірақ адам не ойласа сол болады ғой. Барлығы біздің ойымызға байланысты. Ең басты қолдаушыларым – отбасым: анам, жарым, балаларым, бауырларым. Кез келген істе жақсы ойлауға тырысамыз. Арасында қиындықтар болып жатса, сүрініп жатсақ та еш моймаймыз… сол сәтсіздіктен жақсы нәрсені көруге тырысамыз. Әркез көңілді жүру, жақсы ойлау, өмірдің әр сәтіне қуана білу – бізге қиындықтарды байқамай өтіп кетуге жол ашады. Одан бөлек көмек қолын ұсынатындар, Аллаға шүкір, жан жағымызда көп. Білмеген жерімізде Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қалалық және облыстық кәсіпкерлер және мәдениет бөлімдеріне жүгінемін… ешқашан қолымды қаққан емес. Арагідік қаламыздағы кәсіпкерлер мен республикамыздағы қолөнершілер бір-бірімізді қолдап, демеп жүреміз. Негізі біз жан-жағымызда кездескен адамдармен достық қарым-қатынас қалыптастыруға тырысамыз. Осылай жақсы ойлап, жақсылық жасап жүрсең – қиындықтардың бәрін жеңіп шығуға болады.

Алдағы жоспарлар туралы

Біз Қызылорда қаласында тұрамыз. Қызылорда – менің туған жерім! Осы сөздің өзі мен үшін ең күшті жер – Қызылорда екенін көрсетеді.

Қаламыз соңғы бесжылдықта қарқынды дамып, көркейіп келеді. Шыны керек адам танымайтындай жақсы жағына өзгерді. Біз де өз кезегімізде қолымыздан келгенше атсалысуға тырысудамыз.

Дәл қазіргі жоспарымызда басқа жаққа көшу ойымызда жоқ. Бірақ «ешқашан бұлай жасамаймын» деп айтуға болмайды. Біз жоспарлаймыз… бірақ алда бізді не күтіп тұрғаны белгісіз. Мүмкін ертең балаларымыз өсіп, солардың оқуы мен қызметіне байланысты басқа қалаға көшерміз. Мүмкін кәсіптің дамуы жолында мегаполистерге жол тартармыз. Бірақ басқа елге көшпеймін деп нақты айта аламын. Қазақ болып туған соң Қазақстанымның даму жолында қасық қаным қалғанша еліме қызмет етуге міндеттімін!

Бірақ кәсібімді дамытып, еліміздің барлық жерінен филиалдарын ашсам деймін. Кәсібімді әлемдік деңгейге жеткізу мақсаты тұр… қазіргі жасап жатқан жұмыстар бұл бастамасы ғана. Алда көөөптеген жоспарлар бар.

Нет описания фото.

            Ақша маңызды ма, жүрек қалауы ма?

Ақша деген жақсы әрине, бірақ дәл қазір ақша мен үшін маңызды емес. Барға қанағат тұтамыз. Біздің жасап жатқандарымыз ақшаға қарағанда идеологиялық тұрғыда, рухани тұрғыда маңызды деген оймен жасалып жатыр дүниелер. Стратегиялық та маңызды жұмыстар деп ойлаймын. Қашанғы алыс-жақын шет елдерден әкеліп сата береміз? Неге өнеркәсіпті дамытпасқа? Дәл қазір бастауымыз керек. «Судың да сұрауы бар» демекші қазба байлықтарымыз да  мәңгілік емес. Мысалы республикамыздың бюджетінің едәуір бөлігін құрап тұрған мұнай таусылса не істейміз? Ол тек бір адам, бір жанұя ғана емес, облыс пен республикамыздың экономикасына қатты әсер етеді. Ал сол кезге дейін біз өндірісті жандандырсақ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығын қолға алып бір жүйеге қойып алуымыз керек. Менің кішкентай мастерскойым қазір кішігірім цех болып, болашақта зауыт-фабрикаға айналса – біздің еңбек еш кетпеген болар еді деп ойлаймын. Сондықтан дәл қазір мен бұл кәсіптен байып кетердей пайда іздеп отырған жоқпын.

  1. Алда жоспарлар көп. Бір бағытта ғана емес, бірнеше ұқсас салаларды бірге дамытып әлемдік нарықты бағындыруды мақсат тұтып отырмын. Әлемге ҚАЗАҚСТАН деген елді жақсы жағынан таныстырып, біздің құндылықтарымызды насихаттап, ҚАЗАҚ деген ұлтты мойындатсам деймін. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші – әр жерлесімнің дамуына, жақсы өмір сүруіне, жақсы білім алып еліміздің дамуына барыша атсалысса деймін. Ұлттық құндылықтарымызды ұмыт қалдырмай келешек ұрпаққа дәріптеп жеткізу бізге міндет!

Мария УМАРОВА

 

Әлеуметтік желілерде біз:

https://www.facebook.com/PodarKingKZ

https://www.instagram.com/podar_ok_kz/

 

интернет сайт жасалуда: www.podarking.org/

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ