Су тапшылығы: себебі мен салдары

0
140

ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі.

Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл жалпы су бойынша сырт елдерге тәуелдіміз дегенді білдірмей ме?

Бір ғана Ертіс өзенін алайық. Қара Ертіс болып басталатын өзеннің 40%-ға жуық көлемі Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының аумағынан өтеді. Демек солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуына Ертістің тікелей әсері бар. Бірі – ауыз су ретінде, екіншісі – аяқ су, үшіншісі – өндірістік су ретінде кәдеге жаратып отыр. Яғни Ертістің суына елдің бес ірі орталығы байланып тұр.

Оңтүстіктегі жағдай да осыған ұқсас. Мәселен, Сырдария өзенінің жағ­да­йын қысқаша шолайық. Ішкі нарық­ты Түркістан облысының Жетісай, Мақта­арал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90% өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы екендігі анық.

Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шығыстан батысқа қарай екпіндей ағып, Аралдан ентігін басады. Бұрындары осындай еді. Иә, сырбаз Сырдың суы Аралдың толқындарымен қауышып, теңіз жағалаған жұрттың қуанышы болатын. Өкінішке қарай, қазір Арал теңізі мен Арал қаласының арасы құмды төбелерге айналып, «Үлкен Аралдан» біржолата айырылып қалдық. Ендігі міндет – «Кіші Аралды» сақтап қалу.

Алайда Кіші Аралға және Арал ма­ңындағы көлдерге судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылуы­на байланысты соңғы 12 жыл көлемінде теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метр­ден 20 млрд текше метрге дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге шегі­ніп кетті. Аралды қалыпты деңгейде сақ­тау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд текше метр көлемінде су құйылуы қажетті­гін ескерер болсақ, Солтүстік Аралдың жағдайы өлі аумаққа айналған Үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталауы ық­тимал. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Көкарал бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел арада жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін.

2021 жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6%, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түсті. Сол жылы Арал өңірінде қуаңшылық салдарынан жайылым­дық жерлер құрғап, мал шығыны орын алып, төтенше жағдай жариялануына судың деңгейі әсер еткені анық. 2022 жылы Сырдария өзенінен теңізге жоспарланған мөлшердің тек 16% түсті.

Біле білсек, Сыр өңірінің экономи­калық және экологиялық жағдайы, хал­қының тыныс-тіршілігі Сырдария өзе­нінің сулылығына және Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты. Жібек жіптей ұзыннан-ұзақ созылып жатқан өңір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы, Орынбор – Ташкент темір жолы және Сырдария өзенін бойлай орналасқан аудандарды бірікті­ре­ді. Үш магистральды арна Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі. Бұларсыз өндіріс пен ауылшаруашылығы саласын дамытып, сыртқа тасымалдап, табыс табу әсте мүмкін емес. Соның ішінде Сырдария өзенінің ықпалы тым жоғары екенін жақсы білеміз.

Бұл өңірдің тағы бір ерекшелігі, ішкі нарықты күрішпен қамтамасыз етуде республиканың суармалы суының 30% астамын тұтынып отыр. Ал күріштің басты ерекшелігі – 90 күннен 110 күнге дейін суда тұрып дән байлайды, піседі. Яғни суды көп қажет ететін дақыл. Су тапшылығын азайтуда күріштіктің көлемін азайту керек деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, суды үнемдеу маңызды. Алайда күрішсіз Қызылорда облысының экологиялық ахуалы нашарлап, топырақ тұзданып, «жарамсыз оазиске» айналады. Өйткені Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Топырақ­тың тұздануы үздіксіз жүруі салдарынан ауыспалы егіс жүйесі де айналымнан шығады. Бұл – мамандардың тұжырымы.

Күріш алқаптарының көлемін қазіргі деңгейден күрт азайтуға болмайтыны және күріш өсіруге су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суару технологиясын қолдану мүмкін еместігі белгілі. Тығырықтан шығудың бір жолы – ауыспалы егіс тәртібін сақтай отырып, лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл – суды үнемдеудің ең тиімді жолы. Мәселен, күрішті 1 гектар аумақта өсіріп, баптау кезеңінде 28 – 32 мың текше метр аралығында су жұмсалатын болса, лазерлік тегістеуден өткен жерлерде су шығыны 24 мың текше метрге дейін төмендейді.

Әрине, Сыр бойында жергілікті атқа­рушы органдар су тапшылығын азай­ту бағытында ауқымды шаралар жүр­гізуде. Су нысандарын құжаттандыру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ об­лыста суармалы жерлерді қалпына кел­тіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Әзірге олардың біреуі (ПУИД-2) іске асырылуда. Осы жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80% қалпына келер еді. Шаруашылық құрылымдары бүгінге дейін 60 мың гектар жерді лазерлік тегістеуден өткізді. Бұл егістік жердің 34% құрайтынын ескерсек, өңірдің бұл жұмысты таяу уақытта аяқтап шығуы үшін қолдау қажет. Сол себепті, Үкімет шаруаларға осы бағытта дем беріп, субсидиялауды жол­ға қойғаны дұрыс деп ойлаймын.

Қызылорда облысы өңірдегі агро­өнеркәсіп кешенінің ерекшелігіне байланысты елдегі барлық суармалы судың 30%-дан астамын тұтынатынын жоғары­да айттық. Аймақта табиғи өсірілім­дегі егіс аумақтары жоқ. Суару желілері­нің қанағаттанғысыз жағдайына байланыс­ты облыс жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су шығынына ұшырайды екен, бұл дегеніңіз жалпы республикадағы жыл сайынғы су шығынының жартысы.

Мемлекет басшысының қолдауы­мен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды. Президентіміз аталған күрделі мәселені саясиланды­руға жол бермей, Сырдария өзенінің жо­ғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті кө­лемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал трансшекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пай­далануды үйлестіру – Үкіметтің тіке­лей жауапкершілігі.

Дегенмен, республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, нақтырақ айтқанда 5% жетер-жетпес көлемі ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысы­ның үлесінде. Демек Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктері Қызылорда облысының суармалы жерлерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту бағытындағы жобаларын қаржыландыру көлемін арттыруға күш салуға тиіс.

Қысқы-көктемгі мерзімде артық су­ды жинап, жазда егіске пайдалану да Сыр өңірі диқандары үшін маңызды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, ол үшін өңірде «Қараөзек» көлдер жүйе­сінде 775 млн текше метрлік, Шиелі ауданының аумағында 600 млн текше метрлік «Күміскеткен», Жаңақорған ауда­нының аумағында 200 млн текше метрлік «Тайпақкөл-Қандыарал» тасқын су жинағыштары салынған жағдайда суармалы жерлерді, көл жүйелерін, ша­бындық-жайылымдық жерлерді сумен қамтудың мүмкіндігі артады. Әрине, жобада судың көлемін мейлінше Аралға жіберу тетігі де қаралғаны жөн.

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қызылорда облысының барлық ауданында тұратын халықтың әлеуметтік әлеуетін арттырып, елдіктің жолында еңбек сіңіруінде Сырдың суы жетекші рөлге ие екенін айтуға тырыстық. Мұны шешуде сала мамандары Сырдарияның жоғары ағысында орналасқан көршілермен су бөлісу бойынша келіссөздер жүргізгенде Арал теңізінің жағдайын назардан тыс қалдырмай, халықаралық шарттарға сүйеніп, өзеннің суын тең пайдалануда табандылық танытуы керек.

Екіншіден, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағ­дайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды.

Үшіншіден, тұтынушылар санасына суды үнемдеп қолдану мәдениетін сіңіруіміз керек. Мәселен, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр суды қолданады. Бұл – жуынып-шайынып, ауыз су ретінде пайдаланатын мөлшері. Судың сапасы бір бөлек әңгіме. Ал біздің елдің тұрғындары тәулігіне 150-200 литрге дейін су шығындайды.

Қысқасы, келешекте кемелді елге айналудың бір ғана жолы бар. Ол су ресурстарымен өлшенеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағ­дарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсет­кіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе. Яғни таяу болашақта елдің да­муында су ресурстарының қолжетімді­лігі – бірінші орынға шығады.

 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ