Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу
Алматыда “Жасөспірім және заң” жедел іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz. Алматы қаласында жедел жағдайды тұрақтандыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 27-30 қаңтар аралығында “Жасөспірім және заң” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Бұл шараға мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және жұртшылық өкілдері қатысуда. Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және оны болдырмау, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қараусыз және панасыз қалған балаларды анықтау. Сондай-ақ түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде жүрген жасөспірімдерді, құқық бұзуға бейім топтарды және оларды қылмыс жасауға итермелейтін ересектерді анықтау. ПД-ның айтуынша, әр аудандық полиция басқармасында жедел штабтар құрылған. Сонымен қатар құқық бұзуға бейім кәмелетке толмағандарды, қараусыз және панасыз қалған балаларды анықтау мақсатында жастар мен жасөспірімдер көп жиналатын жерлерге – аулаларға, жертөлелерге, шатырларға, ойын-сауық орындарына, базарларға және вокзалдарға тексеру жұмыстары ұйымдастырылған.