Өнерімен мойындатты
16 жастағы Данэлия Төлешова тағы да America’s Got Talent шоуына қатысып жатыр. Ол бұл жолы да ән айту мәнерімен АҚШ-ты мойындатты.
Америкадағы конкурстың бірінші кезеңінде Данэлия голландиялық әнші Дункан Лоуренстің «Arcade» әнін орындады. Оның орындауы жобаның қазылары мен көрермендеріне қатты ұнады. Олар Төлешова өнер көрсетіп болған соң орындарынан тұрып, қошемет көрсетті.
Қазылар алқасының мүшесі Хайди Клум таңданарлық орындау екенін айтса, тележүргізуші Хоуи Мэндел ән арқылы отбасы мен Отанына деген сағынышын байқағанын атап өтті.
Данэлия Төлешова – «Голос. Дети» конкурсының төртінші маусымының жеңімпазы, «Детская Новая волна – 2015» конкурсының көрермендер көзайымы жүлдесінің иесі. Ол танымал America’s Got Talent дарындылар шоуына 2020 жылы да қатысып, финалға дейін жетті.
Айбике ЖАНАСЫЛ