Қол қойылған меморандум – Алматының халықаралық көлік байланысын дамытудағы маңызды қадам

0
17

Алматы мен Қытайдың ірі қалалары арасындағы әуе қатынасын кеңейту, сондай-ақ туристік және іскерлік байланыстарды нығайту мәселесі Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Air China Limited әуе компаниясының төрағасы, China National Aviation Holding Company президенті Ма Чонсянь мырзамен кездесу барысында талқыланды. Бұл іс-шара Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Бейжіңде өтті.

Кездесудің негізгі нәтижесі – Алматы әкімдігі мен Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы Air China арасындағы рейстерді ашуға жәрдемдесу жөніндегі меморандумға қол қоюы болды.

Тараптар екі ел арасындағы экономикалық өсім мен мәдени алмасудың маңыздылығын атап, жолаушылар легін арттыру әрі Қазақстан мен Қытай туристеріне логистиканы жеңілдету мақсатында «Алматы-Бейжің» қосымша рейсін және «Алматы-Чэнду» жаңа рейсін іске қосу мүмкіндігін қарастырды.

«Қол қойылған меморандум – Алматының халықаралық көлік байланысын дамытудағы маңызды қадам. Қытай – Алматы туризмін дамытудағы негізгі мақсатты нарықтың бірі. 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды, ал биылғы жыл – Қазақстандағы Қытай туризмі жылы. Былтыр Алматыға Қытайдан 95,3 мыңнан астам турист келді, бұл 54%-ға өсім көрсетті. Жасалған келісім аясында туристік ағынның қарқынды дамуы жалғасады деп сенеміз», – деді Ерболат Досаев.

 

«Tongcheng Travel Қытай агенттігінің «2025 жылдың болашағы ең зор жаңа бағыты» марапаты Алматының туристік әлеуетінің мойындалғанын және қытайлық туристердің аймаққа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Жалпы, 2024 жылы Алматыға шамамен 2 миллион турист келді, оның ішінде 600 мыңнан астамы шетелдік. 2025 жылы 2,3 миллион турист, оның ішінде 700 мың шетелдік турист келеді деп күтілуде», – деді Ерболат Досаев.

Өз кезегінде China National Aviation Holding Company президенті Ма Чонсянь мырза кездесуге алғыс білдіріп, болашақтағы жемісті ынтымақтастыққа ниетті екенін жеткізді. «Алматы – Қазақстанның мәдени, іскерлік және туристік орталығы, сондай-ақ Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды буын. Қазақстанның басты «әуе қақпасы» ретінде Алматы Орталық Азия бойынша саяхаттардың бастапқы нүктесі болып табылады», – деді ол.

Алматы-Бейжің бағытындағы қосымша рейс пен «Алматы-Чэнду» бағытындағы жаңа рейс 2024 жылдың маусым айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тиісті бағыттар ұшу құқықтары бөлінгеннен кейін ашылады.

«Алматы-Бейжің» қосымша рейсі мен «Алматы-Чэнду» жаңа рейсін биыл маусым айында іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, тиісті бағыттар ұшу құқықтары бөлінгеннен кейін ашылады.

Айта кетейік, Қазақстанның ең ірі қаласы ретінде Алматы көлік инфрақұрылымын белсенді түрде жаңғыртып келеді. 2024 жылы жаңа халықаралық әуежай терминалының құрылысы аяқталып, оның өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін артты.


Анықтама:
Air China – Қытайдың жетекші әуе тасымалдаушысы және Star Alliance ғаламдық авиациялық альянсының мүшесі. Бейжіңдегі әуе паркінде 952 әуе кемесі бар, оның 535-і Air China компаниясына тиесілі. Қазіргі уақытта Алматыдан ҚХР-ның мына қалаларына тікелей рейс ашылған: Бейжің – айына 53 рейс (Air Astana – 22, China Southern Airlines – 31), Үрімжі – айына 61 рейс (Air Astana – 17, China Southern Airlines – 44), Сиань – айына 9 рейс (China Southern Airlines), Ханчжоу – айына 18 рейс (Loong Air), Санья – айына 9 рейс (Air Astana).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ