Ономастиканы ұлттық ерекшелікті нығайтатын және ХХІ ғасырдың сын-тегеуріндеріне жауап беретін заманауи және технологиялық салаға айналдыру – біздің міндетіміз

0
17

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысына қатысты.

Сенатор отырыста сөз алып, жаһандану және цифрландыру жағдайында Қазақстанға төл мәдени мұраны сақтаумен қатар, ономастикалық жұмысты барынша ашық әрі қазіргі заманға лайықтау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл істе сонымен қатар лингвистика, тарих және цифрлық технологиялардың жетістіктерін біріктіретін жасанды интеллект ерекше рөл атқаратын болады.

«Мемлекет басшысы Жолдауында жасанды интеллект экономикадан бастап гуманитарлық ғылымдарға дейінгі барлық салаларға енгізілуі тиіс екенін айтқан болатын. Бұл ономастикаға да қатысты, өйткені ол  дәстүрді сақтауды мақсат етумен қатар, сонымен бірге болашақты қалыптастыру құралы да болуы керек. ЖИ интеграциясы – ғылыми қажеттілік қана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді дамуындағы мемлекеттік басымдық», – деді Нұртөре Жүсіп.

Депутат сарапшылармен талқылау барысында жасанды интеллекті пайдалану ғылым, мәдениет және мемлекеттік басқаруда келешегі зор жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Цифрлық технология жинақталған ономастикалық материалды ретке келтіру мен атау беру және сараптау ісін түбегейлі жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

«Президент жасанды интеллекті прогрестің негізгі факторы деп атады. Сондықтан ономастика да осы стратегиялық күн тәртібіне енуі тиіс. Жасанды интеллекті енгізу дәстүр мен инновацияны біріктіруге, тарихи жадты сақтауға және сонымен бірге болашақ даму құралдарын жасауға мүмкіндік береді. Ономастиканы ұлттық ерекшелікті нығайтатын және ХХІ ғасырдың сын-тегеуріндеріне жауап беретін заманауи және технологиялық салаға айналдыру – біздің міндетіміз», – деді сенатор.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия қызметін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары талқыланды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз