Оның еңбек жолы мамандыққа және туған зауытқа адалдықтың жарқын дәлелі

Сәкен Оңғарбаев – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің тәжірибелі әрі құрметті қызметкерлерінің бірі. Оның еңбек жолы бұл кәсіпорында 1994 жылы басталды. Сол кезде ол тазарту құрылыстары, өртке қарсы сумен жабдықтау және өнеркәсіптік кәріз цехында желілік құбыр өткізуші болып жұмысқа кірген еді. Содан бері 31 жыл бойы оның өмірі туған зауытпен тығыз байланысты.
Осы жылдар ішінде Сәкен Нұрхадинұлы өзін кең ауқымды білімі мен мол тәжірибесі бар, жоғары білікті әрі жауапты маман ретінде танытты. Сәкен Нұрхадинұлының бастамашылдығы мен жаңашылдығы көптеген өндірістік жетілдірулерден көрініс тапты. Мәселен, 2018 жылы оның ұсынысымен тазартылған ағын суларды айдайтын сорғы станциясында су беру желісінің жаңа сызбасы енгізіліп, буферлік тоғанды тазарту мүмкіндігі айтарлықтай жақсарды. Ал 2023 жылы ол ТИТ-3000 қондырғыларынан атмосфералық ағын суларды тазарту құрылғыларын қолданыстағы кәріз желісіне қосу арқылы жаңғырту бастамасын көтеріп, бұл қызметкерлердің еңбегін жеңілдетіп, еңбек жағдайларын жақсартуға септігін тигізді.
Ол әрқашан жас мамандарға тәлімгерлікке ерекше көңіл бөледі. 35-тен астам жас маман оның тәжірибелік білімі мен кәсіби дағдыларын меңгеріп, өндірісте табысты еңбек етуге жол ашты. Өз тәжірибесін бөлісу мен әріптестеріне қолдау көрсету қабілеті еңбек ұжымының сыйластығы мен алғысына ие болды.
Сәкен Нұрхадинұлы ұжымның қоғамдық өміріне де белсенді атсалысады. Ол цех кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде әріптестерінің мүддесін қорғап, ұжымда қолайлы моральдық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді. Өзінің үлгісімен, іске деген жауапкершілігімен және кәсіби шеберлігімен ол әріптестерінің шынайы құрметіне және кәсіпорын басшылығының жоғары бағасына ие болды. Оның еңбек жолы мамандыққа және туған зауытқа адалдықтың жарқын дәлелі болып табылады.