«Оператор РОП» экс-құрылтайшысы мүлкіне салынған тыйымды алып тастауды сұрады

0
345
коллажда Halyq Uni және Антикордың баспасөз қызметі ұсынған фото қолданылды

Шынар Мұқтарова бұған дейін 920 млн теңгені өтеді

Астанада Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға экстрадицияланған «Оператор РОП» ЖШС-ның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтароваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2023 жылдың 9 қарашасында өткен сот отырысында сотталушыны қорғау тарапы Мұқтарованың мүлкіне салынған тыйымды алып тастауды сұрады. Сондай-ақ тергеу тарапымен процестік келісімге келу туралы өтінішхат жолдады.

Өтінішхат бойынша шешім шығару үшін 2023 жылдың 15 қарашасына дейін үзіліс жарияланды.

Айта кетейік, бұған дейін Шынар Мұқтарова қылмыстық іс бойынша келген шығын 920 млн теңгені өтеді. Сондай-ақ тергеумен процестік келісімге келуге дайын екенін мәлімдеді.

Оған Қылмыстық кодекстің 28-бабы – 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айып тағылған.

Істі судья Ибрагим Әлкенов қарап жатыр.

Айта кетейік, 2023 жылдың шілдесінде «Оператор РОП» ЖШС-ның бұрынғы басшылары мен бұрынғы экология вице-министріне сот үкімі шықты.

2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.

ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айгерім Таубай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз