Қордағы азық қанша уақытқа жетеді?

0
292

2023 жылғы наурыз-сәуір айларының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6%-ға өскен. Атап айтқанда, баға наурыз айында – 0,4%-ға, сәуірде 0,2%-ға көтерілді. Қарақұмық, күнбағыс майы, құс еті, жұмыртқа, қант бағасын ұстап тұру және төмендету бойынша динамика тұрақты. Алайда маусымаралық кезеңнің соңында дәстүрлі түрде жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы өседі. Осы мәселелер Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Өткен жылғы өнім қорының азаюы мен нарықта ерте пісетін көкөніс­тердің пайда болуы 12 өңірде пияз бағасының және 15 өңірде қырыққабат бағасының өсуіне әсер еткен. Соңғы аптада қы­­рық­қабат бағасы – 3,8%-ға, пияз – 1,4%-ға, сәбіз – 0,3%-ға, картоп бағасы 0,1%-ға көте­ріл­ген.

«Көкөніс бағасының өсуі кө­бі­не броньды алып тастау қар­­қы­нының төмендеуіне және на­рықта ерте пісетін көкөніс­тердің пайда болуына бай­ланысты болып отыр. Мони­то­ринг қорытындысы бо­йын­ша нарықта тек 12,2 мың тонна пияз сатылғанын көріп отыр­­мыз, алайда қордан осы кө­көністің 19,1 мың тоннасы шы­ға­рылған. Базарларға 15 мың тонна қырыққабат шығарылған, де­генмен 9 мың тонна ғана са­тыл­ған», дейді Сауда комитеті төра­ғасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.

Наурыз айының басында Cауда және интеграция ми­нистр­лігінің ұйым­дас­ты­руы­мен об­лыс­тық әкім­діктер мен өңірлік ӘКК өкіл­дері Тәжікстанға сапар жасады. Оның барысында оңтайлы нарық бағасы бойынша 6 мың тонна ерте пісетін пиязды жеткізу туралы келісімдерге қол қойылды.

«Өңірлерге «Тәжа­гро­пром­экспортпен» тікелей келі­сім­шарттар жасасып, пияз­ды Тә­жік­станнан алдырту ұсы­ныл­ды, бірақ олар бұл көк­өніс­ті кедендік тазартудан ке­йін Қа­зақстан аумағынан са­тып ал­ғысы келетінін айтып, бас тартты. Осыған орай ерте пісетін импорттық көкөністерді сатып алуға «KTZ Express-KTZE Commerce» уәкі­лет­ті эко­­но­ми­­калық опера­торы қо­сыл­­ды, ол Тәжагро­пром­экс­порт­пен Қа­зақ­стан­ға көкө­ніс­тер­ді жет­кі­зуге келісімшарт жасас­ты. Алай­да осының өзінде өткен аптада 220 тонна пияз алдыртуға 8 өңір ғана келісімшартқа отырды. Алматы қаласы, Түркістан, Қара­ғанды және Солтүстік Қа­зақ­стан облыстары – қол қою сатысында. Жетісу ӘКК – жос­парлау сатысында. Ал Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Алматы және Шымкент қаларының ӘКК келі­сімшарт жасасуға және өңір­­лерді тиімді бағамен ерте пісе­тін пиязбен қамтамасыз ету­­ге қызығушылық танытпай отыр», деп жалғастырды Айдар Әбілдабеков.

Оның айтуынша, кей өңірде күнбағыс майының бағасы қатты өскен. Бес өндірушінің элек­трон­дық шот-фактураларын егжей-тегжейлі талдау қорытындысы бойынша «КаИс Инвест» ЖШС және «Жазық Групп» ЖШС ба­ға­ны рұқсат етілген үстемеден асырған, олар күнбағыс майына 20-дан 40%-ға дейін үстеме қосқан. Барлық анықталған фак­ті­лер бойынша ақпарат шара қабылдау үшін сауда және тұ­ты­ну­­шылардың құқықтарын қор­ғау департаменттеріне беріл­ген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өңір­лердегі негізгі көкөністердің балансы туралы айта келіп, рес­публикада картоп бойынша оң сальдо (22,6 мың тонна) бай­қа­латынын айтты. Қолда бар қор мамыр айының соңына де­йін халықтың қажеттілігін қам­тамасыз ететін көрінеді. Мау­сым-шілде айларында Түр­кіс­­тан және Алматы облыс­та­рын­да ерте пісетін картоп жиналады және бұл күзгі егінге де­йін елдің қа­жеттілігін жабуға жет­кілікті бол­мақ.

Әкімдіктердің мәліметінше, республика бойынша сәбіз қоры – 32,5 мың тонна, ал қала халқына айына 24,4 мың тонна сәбіз қажет. Күзгі егіннен алынатын көкөністерді жеткізуге фор­вардтық шарттар жасасу бо­йын­ша жұмыстар жүргізілуде, бұл 2024 жылғы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін қажет.

«Күзгі егіннен 101,2 мың тонна көкөніс, оның ішінде 57 мың тонна картоп, 14,6 мың тонна сәбіз, 18,7 мың тонна пияз, 10,9 мың тонна қырыққабат жеткізуге шарттар жасалды», дейді Ербол Тасжүреков.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушылар назарын ерте пісетін көкөністер, сүт өнімдері бағасының өсуін тұрақ­тандыру үшін жедел жұ­мыс жасау қажеттігіне аудар­ды. Ауыл шаруашылығы минис­трлігіне ке­ле­сі аптада сүт өнім­де­рін өнді­ру­шілермен кеңес ұйым­дас­ты­руды тапсырды.

«Күнбағыс майы мен тауық жұмыртқаларын сату тізбегінде тағы да ірі делдалдар пайда болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аталған на­рық­тар­дағы өнімсіз делдалдарды жоюы қажет. Сонымен қатар айна­лым схемалары бойынша жұмыс істейтін трейдерлік ком­па­ниялармен жасалған өңір­лердің келісімшарттарына тал­дау жүргізуді тапсырамын. Өткен жылдан бастап біз өндіру­ші­лер­ден тікелей фор­вард­тық сатып алуға көшу туралы айтып келеміз, бірақ әлі де көбі трейдер­лерді таңдап жатыр. Талдау қо­ры­тындысы бойынша бағаны тұрақтандыруда мұның қан­ша­лық­ты тиімді болғанын анық­тай­мыз», деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ