Орталық Азия азық-түлік тұрақтылығы үшін күш біріктіруде

gov.kz
Бүгін Астанада RES–2026 аясында «Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігі: Аймақтық ынтымақтастық арқылы тұрақты су және жер ресурстарын басқаруға жәрдемдесу» тақырыптық сессиясы өтті. Онда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Грузияның салалық министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының сарапшылары бас қосты.
Іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ФАО-мен бірлесіп ұйымдастырды. Қатысушылар Орталық Азияның аграрлық секторы алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді талқылап, өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарын айқындады.
Сессияны ашқан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің Орталық Азия өңірі үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, халық санының өсуі, қалалану үдерісі және азық-түлікке сұраныстың артуы ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі тәсілдердің тиімділігін төмендетіп, жаңа болмысты қалыптастыруда.
«Бүгінде біз өзара байланысты бірқатар күрделі сын-қатерлерге тап болудамыз. Атап айтқанда, климаттың өзгеруі, жердің тозуы және су ресурстарының тапшылығы. Мұндай жағдайда өңірлік өзара іс-қимыл мүмкіндік қана емес, шынайы қажеттілікке айналады», — деді ол.
Вице-министр Қазақстан аграрлық әлеуетін жүйелі түрде арттырып отырғанын және өңірдегі азық-түлік тұрақтылығының тірек орталықтарының бірі болуға дайын екенін жеткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жалпы өнімі 20 млрд АҚШ долларына жетіп, инвестициялар көлемі 53%-ға өсіп, 3,2 млрд долларды құрады.
Қазақстан ет, сүт өнімдері, көкөніс пен ұнды қоса алғанда, негізгі азық-түлік түрлері бойынша өзін 80–100% қамтамасыз етеді. Соңғы бес жылда АӨК өнімдерінің экспорты екі есеге өсіп, 7 млрд долларға жетті, оның жартысы Орталық Азия елдеріне тиесілі. Астық пен ұн экспорты 15,3 млн тоннаны құрады.
Су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет заманауи суару жүйелеріне салынатын инвестициялардың 80%-ына дейін субсидиялайды. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда су үнемдеу алаңы екі есеге жуық ұлғайып, 544 мың гектарға жетті. 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 750 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, су көп қажет ететін монодақылдардан біртіндеп бас тартып, заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өсімдік шаруашылығы әртараптандырылуда.
Қаржылық қолдау құралдары да айтарлықтай кеңейтілді. Соңғы бес жылда жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 10 есеге өсіп, 2 млрд АҚШ долларына жетті.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп, елде рекордтық өнім жиналды. Олар: 27 млн тоннадан астам астық, 4,9 млн тонна майлы дақылдар және 1 млн тоннадан астам бұршақ тұқымдастар.
Мал шаруашылығын дамытуға да ерекше назар аударылуда. Қазақстанда 183 млн гектар табиғи жайылым бар, бұл әлемдегі ең ірі көрсеткіштердің бірі. Бұл экологиялық таза өнім өндіруге және экспорттық әлеуетті арттыруға берік негіз қалайды. Былтырғы жылы ет экспорты 100 мың тоннаға жетті, ал саланы дамытудың кешенді жоспары аясында бұл көрсеткішті екі есеге арттыру көзделген.
Жердің тозуын қалпына келтіру мақсатында 2024–2030 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Ол топырақ жағдайын жүйелі диагностикалауды және эрозиямен күресу шараларын қамтиды. Агроөнеркәсіптік кешеннің цифрлық экожүйесін енгізу субсидиялау мен мониторинг үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік беріп, ресурстарды пайдалану тиімділігі мен ашықтығын арттыруда.
Сөз соңында Ербол Тасжүреков аймақ елдерінің бірлескен іс-қимылының маңыздылығына тоқталды.
«Орталық Азияның азық-түлік қауіпсіздігі — бұл ортақ міндет. Тек су мен жер ресурстарын үйлесімді басқару арқылы біз елдеріміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ете аламыз», — деді.
Тақырыптық сессия барысында Орталық Азия елдері мен Грузияның аграрлық құрылымдарының өкілдері өздерінің әдіс-тәсілдері мен бастамаларын таныстырып, әріптестікті одан әрі нығайтуға және азық-түлік қауіпсіздігі саласында келісілген шешімдер қабылдауға дайын екендерін жеткізді.








