Қостанай облысының жас робототехниктерінің жетістігі – өңір ғана емес, тұтас ел мерейін үстем еткен маңызды нәтиже

2025 жылы Қытай Халық Республикасының Уси қаласында өткен World Robot Contest Final (WRCF) дүниежүзілік роботтар байқауының финалы әлемнің әр түкпірінен келген жас өнертапқыштарды бір алаңға жинады. Аталған беделді халықаралық жарыста Қазақстан Республикасының атынан қатысқан жас робототехниктер жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Атап айтқанда, Қостанай облысы Амангелді ауданы Амантоғай орта мектебінің оқушылары – Әубәкір Хақназар мен Дүйсенбай Бекнұр аталған байқауға қатысып, өздерінің инженерлік жобаларын сәтті қорғады. Олар «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жанындағы «РобоШеберхана» үйірмесінің тәрбиеленушілері. Оқушыларды халықаралық додаға үйірме жетекшісі Жетібаева Лаура Ерболқызы дайындады.
Халықаралық байқау барысында қатысушылар робототехника саласындағы теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын, инженерлік ойлау қабілеттерін және командамен жұмыс істеу мәдениетін көрсетті. Қазылар алқасы жобалардың техникалық шешімдеріне, жаңашылдығына және орындалу сапасына ерекше назар аударды.
Бұл жетістік – жас жеткіншектердің тынымсыз еңбегінің, жетекшінің кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ ата-аналар мен білім ордасының жан-жақты қолдауының нәтижесі. Осындай байқаулар оқушылардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, елдің инновациялық дамуына серпін береді.
Қостанай облысының жас робототехниктерінің жетістігі – өңір ғана емес, тұтас ел мерейін үстем еткен маңызды нәтиже. Алдағы уақытта да «РобоШеберхана» үйірмесінің тәрбиеленушілері жаңа белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтата береді деген сенім мол.









