Осындай эстафеталарды өткізудің өзіндік ерекшелігі бар
Орталық саябақ аумағындағы шаңғы тасжолында отбасылық эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Эстафеталық жүгіру, доппен жүгіру, шайба таяғымен допты межеге жеткізу, допты қоқыс жәшігіне дәл түсіру сияқты сайыстарда 15 отбасы бақ сынады.
«Отбасылық эстафета Президентіміздің бастауымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында өткізілді. Отан – отбасыдан басталады. Әрбір жас бала өзінің ата-анасына қарап үлгі алатындықтан, іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Осы эстафетаның арқасында қатысушылар тазалық сақтаудың маңыздылығын түсінеді деп ойлаймын. Қыс мезгілінде осындай эстафеталарды өткізудің өзіндік ерекшелігі бар. Таза ауада қыстың суығына қарамастан, спорттық іс-шараға қатысудың өзі ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан «Шаңғы роллер» тасжолын таңдадық. Бұл жердің орналасқан жері де өте керемет. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де көптеген турнир мен жарыстар өткізіп, Астанамыздың спорт мәдениетін көтеруге атсалысамыз» – деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.
Эстафетадан бөлек, қатысушыларға қоқысты өңдеу, қоршаған айналаны таза ұстау бойынша өзекті мәселелерді түсіндіруге қатысты арнайы шеберлік дәрісі де өткізілді.
«Отбасымызбен бірге осындай эстафетаға бірінші рет қатыстым. Көңіл күй тамаша. Спортпен күнделікті айналыссақ та, жарыстағы атмосфераның орны бөлек. Бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Бос уақытымызды тиімді өткізіп, бала-шағамызбен жақсы эмоция алдық», – деді отбасылық эстафетаның қатысушысы Серікбай Әлімханов.
Іс-шара соңында барлық отбасы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, қоқыстарды арнайы жәшіктерге жинады.