Отандық Олимпиада чемпионы халықаралық аренада тәжірибесімен бөлісуде

0
7

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Еуропа клубының шақыруымен Испанияның Мадрид қаласында дзюдодан төрт күндік шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Бұл – отандық дзюдо мектебін халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам.

Елдос Сметовтың Еуропада дәріс өткізуі – отандық спорттың әлемдік аренада мойындалып келе жатқанын және елімізде дзюдоның беделі жоғары екенін айғақтайды.

«Елімізде шетелдің қызығушылығын оятып, абыройымызды асқақтатып, «Кімсің?» дегенде – «Қазақпын» деп танытатын жаңа буынның қалыптасуына шын жүректен тілектеспін. Әрқайсыңызға денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін! Әр отбасына мықты да білімді ұл-қыздарды тәрбиелеу нәсіп етсін!», – деп жазды Олимпиада чемпионы өз парақшасында.

Елдос Сметов – мыңдаған жас спортшыға үлгі. Оның ірі турнирлердегі жеңістері, табандылығы мен тәртібі жастарға шабыт беріп келеді.

Мемлекет тарапынан да бұл спортты дамытуға жүйелі шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда елімізде 90 мыңнан астам адам дзюдомен шұғылданып, 1300 бапкер еңбек етуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізге шетелдік даңқты жаттықтырушыларды тарту мақсатында ұлттық құрамаға 2025 жылдан бастап италиялық маман Эцио Гамба шақырылды. Құрама жаңартылған жүйе бойынша жаттығып жүр. Бапкерлік құрамда кеңесші Роберт Мшвидобадзе, Стефано Фрассинелли және отандық жаттықтырушылар – Мұрат Кеңтонов, Жансай Смағұлов, Ерлан Серікжанов, Ғайнулла Есенғалиев, Александр Плетнёв пен Қалиұлы Қален бар. Ұлттық құраманың сапында 46 ер және 35 әйел спортшы бар. Жаттығу жиындары тұрақты түрде Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Сонымен қатар төрешілерді даярлау мен дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан дзюдо федерациясының төрешілер комитетін Лондон және Бейжің Олимпиадаларының арбитрі Мұхсин Нұртазин басқарады. Қазіргі таңда елімізде 11 халықаралық дәрежедегі төреші және Азия бойынша 50 континенттік санаттағы төреші бар.

Елімізде жас ерекшеліктеріне қарай бес ресми Қазақстан чемпионаты және 66 республикалық турнир өткізіледі.

IMG_9761

ПІКІР ҚАЛДЫРУ