Отбасы – ұлттың тірегі

0
541

Отбасы – қоғамның маңызды әлеуметтік институты. Өйткені жанұя тұлға тәрбиелеуде және өмір сүруге қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік туғызатын алғашқы мекен. Яғни адамзат – өмірінің мәнін, ғалам құндылықтарын, бағыт алатын мақсат пен міндетін, ұстаным мен мінезін, қарым-қатынас дағдыларын осы ортада қалыптастырады.

Бүгінгі жаһандану үдерісі ұлттық мәдениетке, дәстүрмен сабақтасқан құндылықтарды ұмыттыра бастағаны жасырын емес. Оған еліміздегі ажырасуға қатысты деректер дәлел. Ұлттық статистика бюросының соңғы ақпаратына сүйенсек, былтыр Қазақстанда 129 707 жұп неке қиса, 51 220 отбасының шаңырағы шайқалған. Әрине бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,1 процентке аз. Бірақ ол проблема жоқ дегенді білдірмейді.

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген «Ажырасу және оның салдары» талдамалы есебін бағдарласақ, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы ажырасады. Оның басты себебі – ерлі-зайыптылардың бір-біріне опасыздық жасауы. Сондай-ақ жанұядағы туысқандардың екеуара мәселеге араласатыны да жағдайды ушықтырып тұр. Басқа да факторлар жетеді. Мәселен қызғаныш, отбасылық зорлық-зомбылық, жұмыссыздық және баспана секілді материалдық дүниелерде әсерін тигізіп отыр.

Жазылған сөздің жаны бар. Өйткені Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі қазір 4,9%-ті құрайды. Бұған қоса алты жүз мыңнан аса адам баспана кезегінде тұр. Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел қайтыс болады. Ал есік артында үнсіз отырғандары қанша.

Психолог Шолпан Әбілова қазіргі шаңырақтың шайқалуына түрткі болып отырған нәрсе, отбасы құндылығының әлсіреуі, дейді. Бұл эффект әсіресе жастар арасында жиі байқалады екен.

– Отбасы құндылығы қазір сезім мен сертке емес, мүмкіндік пен есепке құрылған. Жалпы сана психологиясы тұтынушы секілді, өзіне не керек, соған байланысты ғана аясын жасайды. Әрі өзінің қажеттіліктеріне сай келетін обьектіні іздейді. Алайда көп жағдайда бұл опық жегізіп жатады. Өйткені адамның қалауы қанағаттанса, қызығушылығы кете бастайды. Сондықтан мимен, суық санамен ойланудан бөлек, жүрекке жол беріп, өз адамыңды сезіну маңызды. Тағы бір айтпағым, екі азамат үйленіп, отбасын құрмас бұрын ойлануы тиіс. Қыздар қауымы өз-өзіне «Мен ол адамға өмір бойы қызмет ете аламын ба?» деп, ер азаматтар «Мен ол жанға өмір бойы жауапты бола аламын ба?» деп сұрақ қою керек. Бұл жәй ғана екі сауал толық отбасының негізін қалайтын алғашқы фундаменті секілді. Егер ол дұрыс негізделсе, оның кірпіштері де берік болатыны айтпаса да түсінікті, – деп Ш. Әбілова, конструктивті ойын ортаға салды.

Жалпы бұл жауапкершілікті отбасындағы тәрбие бекітеді. Ал тәрбие –  ұлттық құндылықтарға негізделуі керек. Ұлы ғұлама, ойшыл Абай Құнанбаевтың «Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын,» – деген мән-мағынамен өрілген өлең жолдары тәрбиенің басы.

Себебімен емес, салдармен күресу керек дегенді ескерсек, ата-бабамыздың отбасындағы құндылықтарды дәріптейтін салт-дәстүрлерінен жауап аламыз. Дүниеге келген сәбиге азан шақырып, ат қоюдан бастап, адам фәниден өткенде жерлеп шығару ғұрыптарында өнеге бар. Мәселен «Құда түсу», «Сырға салу», «Бесік құда», «Келін түсіру», «Енші беру», «Бата беру», «Тамыр болу», «Байғазы», «Асар» сынды тізбектей берсе сан жетпейтін әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді атауға болады.

Ашып айтсақ, ата-ананың өзінің ұлын үйлендіру мақсатында шақалақ болып дүниеге келгеннен тағдырына зер салуы, алдын ала қамдануында бір мән бар. «Бізде ұл бар, сізде қыз бар» дегендей аталы сөзбен бала кезінен болашақ келінді дос-жарандарының арасынан іздестіре бастайды. Өзара «Тамыр болу» ғұрпымен ел алдында қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішкен достар балалары дүниеге келмей жатып-ақ, атастыру рәсімін жасайтын болған. Сондай-ақ көңілі өте-мөте жақын досқа ұсынылатын «Бесік құда» салты да байырғы қазақтың отбасы құндылығын дәріптегенінің көрінісі. Мұндай уағдаластық бұрынырақта екі руды жақындастыра түсетін. Тіпті олардың жұбайлары бір кезде жүкті болса, жақсы тілекпен нәрестелері дүниеге келер алдында бесік құда болуға ниет білдірген. Егер бесік құдалалар арасы балалар өскенше жақсы болса, кәмелет жасына жеткен соң екеуін үйлендіретін болған. Айтпақшы қазақта жеті атаға толмаған бір рудан тараған ұрпақтары арасында неке қиюға тыйым салынған. Мұның да өзіндік орны бар.

Бұған қоса, бұрында соғыста немесе түрлі жағдайда күйеуі өліп, жесір қалған жас әйелге жарының жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқықты саналатын. «Әйел ерден кетсе де елден кетпейді» дегеннің үлкен әлеуметтік маңызы болатын. Мұндағы ой – қайтыс болған азаматтың балалары өз жұртында жетімдік көрмей, бейшара хәлге түспей, өзге ағайын бауырларымен бірге өсуі керек.  Осы орайда «күйеу 100 жылдық, құда 1000 жылдық» деген сөздің мәнісі ашылады.

Сонымен қатар көшпелі қазақта балалы бола алмай жүрген отбасыларға, алдын ала келісім бойынша, өз туыстарының бірінің баласын бауырына басып, асырап алу рұқсат етілген. Бұл жеті атадан сақталған қанды бұзбаудың бір жолы. Бір жағынан ырым бойынша, жанұяның өз балаларының дүниеге келуіне сеп болған.

«Үйде не көрсең, ұшқанды соны ілесің» немесе «Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды» дейді дана халық. Демек ана сүтімен тараған зейін мен әкенің тәрбиесі, ұлттық құндылық үзілмеген отбасынан тек жақсылық күт дегені. Ұлы сөздің жаны бар. Ата-ананың махаббатына бірдей бөленіп, визуалды түрде салт-дәстүрлерді ұстанған отбасында өскен бала, болашақта түтіні түзу шығатын шаңырақ көтеретіні белгілі. Тіпті екеуара жанжалдасса да, гармония тауып, екі жақты саналы түрде ортақ келісімге әкелетіні анық. Ал толық емес отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының бірінің мейіріміне шөлі қанбаған азаматтың, таным түсінігі, пайым-көзқарасы өз отбасының шырқы бұзылуына себепкер етуі ықтимал. Сондықтан отбасы құндылығын нығайту үшін ата-бабаларымыздың ұстанған салт-дәстүрінен, әдет-ғұрыптарынан керегін түйреп алу қажет. Өйткені отбасы – ұлттың тірегі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ