Пандемия мен Түркиядағы зілзала: Астанада еріктілердің қоғамдық маңызы талқыланды

0
153

Астанада Халықаралық еріктілер форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлем еріктілері мен еріктілер ұйымдары үшін ең ірі халықаралық іс-шараға 34 елден 40-тан аса спикер, жалпы 400-ге жуық адам қатысып отыр.

Форум шеңберінде «Халықаралық волонтерлік бастамалар: тәсілдер мен тәжірибелер» атты бірінші панельдік сессияның отырысы өтті. Сессия барысында Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйлеп, бүгінде еріктілердің бас­тамасымен қоғамда көптеген мәселе оң шешімін тауып жүргенін атап өтті. Спикер өз сөзінде COVID-19 пандемиясы, Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі кезінде жұмыла біріккен халықаралық еріктілердің көмегін ерекше атап өтті.

Ро«2020 жылы коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде Қазақстан мен Әзербайжанда Түркі мемлекеттері Ұйымының бастамасымен «Еріктілер жылы» жарияланды. Осы бастаманың арқасында әлемдік деңгейдегі маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Адамзатқа өз еркімен көмек көрсетуге ниет білдірген еріктілер жұдырықтай жұмылып, әлемнің түпкір-түпкірінде қайырымдылық жұмыстарын жүргізді. Ал осы жылдың 6 ақпанында бауырлас Түркия елінде мыңдаған адамның өмірін қиған жер сілкінісі болғаны әлі есімізде. Бұл қайғылы жағдай волонтерлік қозғалыстың мән-маңызын айтарлықтай арттыра түсті. Мәселен, бауырлас халыққа 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Қазақстан мен Қырғызстаннан еріктілер жұмылдырылып, үйсіз қалған бауырларымызға арнайы киіз үйлер жөнелтілді», деді Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы.

Спикердің айтуынша, осы жылдың 16 наурызында Анкарада «Еріктілер» саммиті өткен. Аталмыш саммитке Түркиядағы зілзала кезінде қол ұшын созған еріктілер ұйымдарының мүшелері қатысып, волонтерлік жұмыстың дамуына үлкен үлес қосқан.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ