Параспортшы шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Бангалор қаласында (Үндістан) көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында шахматтан 12-ші әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыста жаcөспірімдер арасында классикалық турнирде өнер көрсеткен 11 жасар елордалық Нұрғиса Қуанышұлы қола жүлдегер атанды.
«Шахматтан әлем чемпионаты әйелдер және жасөспірімдер арасында өтті. Жарысқа елімізден 3 спортшы қатысты.
Жасөспірімдер арасында Нұрғиса әлемдік додаға алғаш рет қатысып, 9 турдың қорытындысы бойынша 6 ұпай жинап қола медальді иеленді. Биыл шілде айында Арменияда ересектер арасында өткен әлем чемпионатында да ұлттық құрама спортшылары алтын мен күміс медаль еншілеген болатын», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының шахматтан аға жаттықтырушысы Зинятқыз Нүсіпбаева.
Айта кетейік, Нұрғиса Қазақстан бойынша көру мүшесі зақымданған жастар арасындағы әлем чемпионатарының алғашқы жүлдегері атанды.