Парламент сайлауы – саяси реформалардың жалғасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауын өткізу туралы мәлімдегені белгілі. Саяси дода 19 наурызға белгіленді. Бұл Президент ұсынған реформалардың заңды жалғасы десек, қателеспейміз. Өйткені бұған дейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қарастырылды. Елдің дамуы үшін қажетті бірқатар өзекті конституциялық заң қабылданды. Президент сайлауы өтіп, қайта сайлану құқығынан айыру және мерзімін 7 жыл деп белгілеу секілді жаңашылдық енгізілді. Енді Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау реформалар бастамасын табысты жалғастыруға тиіс.
Дайындық барысы
Жалпы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады. Сөйтіп, 20 күнге созылады. Осылайша, 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін. 18 наурыз – «тыныштық күні». Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін. Бұдан кейін учаскелік сайлау комиссиялары дауыс санауға кірісіп, оның нәтижесі туралы хаттама толтырады. Дода 59 күнге созылады.
Сайлау өткізілетіні белгілі болғаннан бастап Орталық сайлау комиссиясы саяси додаға дайындықты бастап кетті. Солардың бірі – электораттың тізімін жасау. Өйткені азаматтар осы арқылы конституциялық дауыс беру құқығын жүзеге асырады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 12 миллионға жуық адам дауыс беруге қатыса алады.
Тізімге азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Бұдан бөлек, дауыс бергісі келетін учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес әзірлеген тізіміне тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы енген. Түркістан облысында сайлауға қатысушы құқығына ие азаматтар саны бойынша бірінші орында тұр. (1 177 507 адам). Ал ең азы – Ұлытау облысында тіркелген (138 277 адам).
Тізімдегі сайлаушылардың қайталануын болдырмау үшін ОСК барлық өңірдегі мәліметтерді қосымша талдайды. Егер қайталанған деректер анықталса, онда ОСК өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына тізімді ретке келтіруді тапсырады. Осындай тексеру тәртібі тізімнің қайталануына жол бермейді. Әрбір азамат сайлау тізіміне бір рет қана енгізіледі. Сонымен қатар сайлаушыларға өздерінің тізімде бар-жоғын жеке тексеруге мүмкіндік беріледі.
Үміткерлерге қойылатын талап
Ата заңымызға енгізілген толықтыру мен өзгерістерге сәйкес биылдан бастап Мәжіліс депутаттарын сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтеді. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 депутатқа қысқарды. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланады.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына соңғы 10 жыл бойы Қазақстан аумағында тұратын, 25 жасқа толған азамат кандидат бола алады. Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған азамат үміткер атануға құқылы. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам және сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сотта анықталған адамның Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына түсуі шектелген.
Сонымен қатар Мәжіліске үміткерлер заңға сәйкестігі анықталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясының шотына белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлеу міндеті белгіленген. Сайлау қорытындысы бойынша кандидат Мәжіліс депутаттығына сайланса немесе кемінде 5 пайыз қолдау иеленсе, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда жарна кандидатқа қайтарылады. Яғни биылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге екенін ескерсек, Мәжіліс депутаттығына сайлау жарнасы 1 млн 50 мың теңгені құрайды. Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау жарнасы ең төменгі 5 жалақыға тең (350 мың теңге).
Партиялық тізім бойынша сайланатын үміткерлерді саяси партиялар ұсынады. Ал бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша додаға түсетін кандидаттар саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы сайланады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норма енгізілгені мәлім. Енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар қосылмақ. Осылайша, олардың билік мінберінде өз дауысын естіртуге толық жағдай жасалады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұл норма депутаттық мандатты бөлу кезінде де қолданылады. Санаттағы өкілдердің – әйелдердің, жастардың, мүгедек адамдардың саны жиынтығы бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Осы орайда Н.Әбдіров сайлау заңнамасының осы нормаларының да қатаң сақталуына уәде беріп отыр.
Бәсекеге түсетін партиялар
Биылғы сайлауға 7 партияның қатысуына мүмкіндігі бар. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Amanat» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы және «Respublica» партиясы. Дегенмен «Байтақ» пен «Respublica» партиялары жаңадан тіркелгенін ескерсек, олардың мәслихат сайлауына қалай қатысатыны әлі толыққанды түсінікті емес. Өйткені бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров «Байтақтың» тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында ғана мәслихат депутатын сайлауға қатысатынын айтқан болатын. «Respublica» партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелердің жоқтығы салдарынан мәслихат сайлауына жіберілмейтінін жеткізген. Аталған партиялардың қалалық мәслихаттар сайлауына қатысу-қатыспауын Орталық сайлау комиссиясы шешеді.
Сондай-ақ өңірлердегі мәслихаттарға қанша депутаттан сайланатыны да анықталып жатыр. Мәселен, Ақмола облысында 249 депутат белгіленеді. Атырау облысында үміткерлер түрлі деңгейдегі мәслихаттағы 140 орынға таласады. Ақтөбе облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 205 мандат берілген. Солтүстік Қазақстан облысы сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір бойынша мәслихаттарға 193 депутат сайланбақ. Қарағанды облысында 200-ден астам адам мәслихатқа түседі. Батыс Қазақстан облысында түрлі деңгейдегі мәслихатқа 188 мандат бөлінді. Қостанай облысында 264 депутат сайланады. Павлодар облысында үміткерлер 189 орынға таласады. Қалған өңірлер бойынша тізімдер әлі жасалып жатыр. Айта кетерлігі, облыстық мәслихат аралас жүйе бойынша, яғни 50 пайызы партиялық, 50 пайызы бір мандаттық округ арқылы сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттар толықтай мажоритарлық жүйе бойынша өтеді.
Халықаралық қоғамдастық пікірі
Қазақстандағы саяси өзгерістерді халықаралық қоғамдастық жіті қадағалайтыны белгілі. Ол түсінікті де. Өйткені тоғызыншы территория жер көлемімен ғана емес, қазба-байлығымен де көптеген инвесторды қызықтырады. Оның үсіне, елімізге салынған миллиондаған қаражаттың тағдыры да Қазақстандағы саяси ахуалдың тұрақтылығына байланысты. Сондықтан әлем үшін Қазақстанның демократиялық даңғыл жолға түсіп, әділ сайлау өткізгені маңызды.
Осы орайда, шетелдік бірқатар сарапшы елдегі сайлауға қатысты пікірін білдіріп үлгерді. Мәселен, «Second Floor Strategies» консалтингтік фирмасының президенті Алехандро Санчестің айтуынша, халықаралық қоғамдастық, оның ішінде Вашингтон Қазақстандағы сайлаудың әділ әрі ашық болғанын қалайды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төменгі палатаны таратып, жаңа сайлау күні ретінде 19 наурызды таңдауында екі мақсат бар. Біріншіден, қазіргі билік бұрынғы биліктің жалғасы емес екенін және оның ықпалында болмайтынын дәлелдейді. Екіншіден, Қазақстан халқына Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезінде мемлекеттік басқару мен саяси өкілдіктің ұтымды жұмыс істейтінін көрсетеді. Қазақстан Президенті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдайтын «еститін мемлекет» құруға уәде берді. Қазақстан халқы өздерінің көзқарасы құрметтелетін және ескерілетін елде тұруға лайық», дейді А.Санчес.
«New Lines Institute for Strategy & Policy» оқыту және талдау өнімдері бағдарламасының аға талдаушысы және басшысы Евгений Чаусовскийдің пайымдауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы шешімін қайта саяси құрылымдау үдерісінің жалғасы ретінде қарастырған жөн. Сарапшы Қазақстан ішкі және сыртқы саясатты сындарлы даму жолына түсіруге бағытталған кең ауқымды өзгерістер процесінің соңғы сатысына келді деп есептейді.
Diplomatic World халықаралық журналының жоба менеджері Альберто Туркстраның пікіріне сүйенсек, Қазақстанда бұдан он жыл бұрын байқалмаған оң өзгеріс жүріп жатыр. Ол жаңадан жасақталатын Қазақстан үкіметі батыл қадам жасауы қажет екенін алға тартты.
«Экономикалық тұрғыда қарасақ, Қазақ экономикасын монополиядан құтқару және заңсыз байыған олигархтардың қаражатын қайтару үлкен ерік-жігерді талап етеді», дейді А.Туркстра.
Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша дипломатиялық қызмет бөлімінің басшысы Диетмар Крисслер алдағы сайлау Қазақ елі үшін сындарлы сәт екеніне екпін береді.
«2023 жылдың алғашқы жартысында өтетін Парламент сайлауы Қазақстанның жаңа басқару моделіне көшкенін дәлелдеуіне берілген мол мүмкіндік», дейді Д.Крисслер.