Павлодарда ЖБО камераларының көмегімен 24 қылмыстың беті ашылды

Жыл басынан бері облыс бойынша полиция департаментінің жедел басқару орталығының камералары арқылы 2978 құқық бұзушылық анықталды, олардың басым бөлігі – жол қозғалысы ережелерін бұзу. Бейнекамералардың көмегімен 24 қылмыс ашылды.
– Мысалы, Павлодар қаласында Н.Назарбаев даңғылы – Кривенко көшесінің қиылысында Hyundai автокөлігінің жүргізушісі көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған. Осындай құқық бұзушылық Сәтбаев – Толстой көшелерінің қиылысында, BMW автокөлігінің жүргізушісіне де қатысты тіркелді. Сондай-ақ Павлов көшесінде тыйым салатын жол белгісінің талаптарын бұзған Нива және Mitsubishi автокөліктерінің жүргізушілері жауапкершілікке тартылды. Мәшһүр Жүсіп көшесінде Газель автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіге жол бермей, оның алдынан өтіп кеткен. Аталған құқық бұзушылықтардың барлығы жедел басқару орталығының камералары арқылы тіркеліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. “Заң мен тәртіп” қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыты болып қала береді және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Жол қозғалысы ережелерін бұзған тұлғалар заңға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.









