Премьер-Министр отандық өндірісті барынша қолдауды тапсырды

0
258

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша министрліктер мен әкімдіктерге тапсырмалар берді, деп хабарлайды zamandas.kz сайты.

«Еліміздің экономикасы сенімді өсу қарқынын жалғастыруда. 10 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,5 пайызға дейін жеделдеді. Нақты секторда өндірістің орнықты өсу қарқыны байқалып отыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 5,3 пайызға өсті. Оның ішінде машина жасауда 19,5 пайызға, соның ішінде автомобиль жасауда 23,4, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 59, құрылыс материалдарында 9,3, фармацевтикада 33,6, пластмасса бұйымдарының өндірісінде 36,5, киім өндірісінде 11,4 пайызға, жиһаз өндірісінде 11,8, дайын металл бұйымдар өндірісінде 16,4 пайызға өсім байқалып отыр», – деді Үкімет басшысы.

Карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдетудің арқасында қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік 3,4 пайызға дейін қалпына келген, бұл байланыс қызметтері мен сауда қарқынының жоғары болуына байланысты.

«Инвестициялардың өсу қарқыны біртіндеп қалпына келуде – өсім 2,5 пайызға, ал тау-кен өндіруді есептемегенде 14 пайыз өсіп отыр. Негізгі капиталға инвестициялардың жоғары өсімі құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, саудада, жылжымайтын мүлікпен операцияларда, қаржы қызметінде байқалып отыр. Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында барлық негізгі макрокөрсеткіштер өскен», – деп атап өтті А. Мамин.

Оның айтуынша, 6 негізгі көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсім байқалып отыр. Олар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы. 5 көрсеткіш бойынша екі өңірдің серпіні жақсы. Бұл Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Ал Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының көрсеткіштері ең төмен.

«Жалпы азық-түлік инфляциясының өсуін тежей алдық. Осы бағытта белсенді жұмысты жалғастыру қажет. Министрліктер мен әкімдіктерге отандық өндірісті барынша қолдауды, инвестициялар тартуды, экспортты дамыту, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырамын. Бюджет қаражатын уақтылы игеру бойынша да шара қабылдаңыздар», – деді Асқар Мамин.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ